Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалардың басты мақсаты – өңделген өнім үлесін арттыру арқылы экспорт көлемін ұлғайту және өңір экономикасын нығайту. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі Түлкібас ауданында жүзеге асырылды.
Ауданда «MK ALTYN NAN» ЖШС-ның ұн өндіретін зауыты толық қайта жаңғыртылып, қайта іске қосылды. Маңызды диірмен кешенінің жұмысымен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы танысты. Өңір басшысы кәсіпорын ұжымымен кездесіп, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған жобалар облыс үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамытып, өнімді терең өңдеу үлесін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Бүгін іске қосылып отырған бұл диірмен кешені – сол тапсырмалардың жергілікті деңгейде нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Қайта жаңғырған кәсіпорын облыстың өндірістік әлеуетін арттырып, аграрлық сектордың дамуына жаңа мүмкіндік береді. Жаңартылған зауыт сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп сенемін. Жобаны іске асыруға үлес қосқан инвесторларға алғыс білдіремін. Кәсіпорынды кеңейту бағытындағы бастамаларға қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Аталған зауыт бидай өнімдерін өңдеуге маманданған. Кәсіпорын алғаш рет 1986 жылы іске қосылып, 2018 жылдан бері жұмысын тоқтатқан болатын. 2024 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана отырып, толықтай қайта жаңғыртылып, өндірістік қуаты мен технологиялық мүмкіндіктері едәуір арттырылды. Қазіргі таңда зауыт жылына 120 мың тоннаға дейін бидай өңдеуге қауқарлы.
Кәсіпорында 140 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл өз кезегінде аудан экономикасын нығайтып, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға оң әсерін тигізіп отыр. Диірмен кешені басшылығы алдағы уақытта жобаны кеңейтіп, өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Бүгінде Түлкібас ауданында өндірілген ұн ішкі нарықпен қатар, Өзбекстан, Түркіменстан және Ауғанстан елдеріне экспортталуда. Бұл өңір өнімдерінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігінің айқын дәлелі.
Жалпы алғанда, Түлкібас ауданында іске қосылған бұл өндіріс орны өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға және Түркістан облысының экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қоспақ.

