Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвестормен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында әлемге танымал спорттық киімдер өндіруші компанияның өңірде өндіріс орнын ашу жоспарлары жан-жақты талқыланды.
Компания өкілі Түркістан облысының инвестициялық әлеуетіне ерекше қызығушылық танытып, аймақтың мақта шаруашылығының дамуы өңірде текстиль және киім өндірісі саласын дамытуға қолайлы екенін атап өтті. Инвестор Түркістан қаласында спорттық киім тігетін зауыт ашу арқылы жергілікті еңбек ресурстарын тиімді пайдаланып, жаңа өндіріс орындарын құруға ниетті екенін жеткізді.
Кездесу барысында қонақтарға облыстың индустриалды мүмкіндіктері, инфрақұрылымдық әлеуеті таныстырылды. Инвесторларға индустриалды аймақтардағы дайын өндірістік алаңдар, логистикалық артықшылықтар, жұмыс күші, сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктері, салық жеңілдіктері мен әкімдік тарапынан жобаларды сүйемелдеу жолдары туралы толық ақпарат берілді.
Нұралхан Көшеров өңірде шетелдік және отандық инвесторлар үшін өндіріс ашуға барлық жағдай жасалғанын атап, Түркістан облысының инвестициялық климаты тұрақты әрі тартымды екенін жеткізді. Әкім бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысында жергілікті кадрларды даярлау, өндірістің жоғары технологиялық талаптарға сай болуын қамтамасыз ету және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту мәселелеріне баса мән берілетінін атап өтті.
Кездесу қорытындысында тараптар алдағы уақытта нақты жобалар бойынша ұсыныстарды қарастырып, ынтымақтастықты нығайту, инвестициялық бастамаларды іске асыру бағытында келіссөзді жалғастыруға уағдаласты. Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикалық белсенділікті арттыруға және Түркістан облысының индустриалды әлеуетін халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді.

