Түркістан облысында өңір экономикасын нығайту, өндіріс орындарын көбейту және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы міндеттер аясында Сайрам ауданында да ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, ауданда инвестиция тарту және жаңа өндірістерді іске қосу басты басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. 2025 жылға Сайрам ауданында негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 170 млрд теңге деп жоспарланған. Алайда өткен жылдың қорытындысы бұл меженің артығымен орындалғанын көрсетті. Нәтижесінде аудан экономикасына 181,5 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар 11,5 млрд теңгеге немесе 6,8 пайызға асыра орындалды.
Өткен жылы Сайрам ауданында жалпы саны 16 инвестициялық жоба іске қосылып, 570 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында 4 жоба, ауыл шаруашылығы бағытында 3 жоба, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік саласында 6 жоба жүзеге асқан. Бұл көрсеткіштер аудан экономикасының әртараптанып, өндірістік әлеуетінің артқанын айғақтайды.
Ал биылғы жоспар бұдан да ауқымды. 2025 жылы Сайрам ауданында жалпы құны 161,2 млрд теңгені құрайтын 32 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Аталған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 2 408 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың жұмыспен қамтылуын арттырып, халықтың табысын көбейтуге және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Инвестициялық жобалар әртүрлі салаларды қамтып, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және шағын бизнес бағыттарының дамуына серпін бермек. Мұндай кешенді тәсіл Сайрам ауданының экономикалық әлеуетін толық ашуға және өңірдің жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.
Алдағы уақытта да инвестиция тарту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып, Сайрам ауданы Түркістан облысындағы инвестициялық тұрғыдан тартымды аймақтардың бірі ретінде өз позициясын нығайта бермек.

