Түлкібас ауданына қарасты Машат ауылдық округінде Қызылбастау ауылында тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге арналған жаңа медициналық тірек пайдалануға берілді. Бұл – ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты жаңалық әрі денсаулық сақтау саласындағы маңызды әлеуметтік бастама.
Жаңа нысан заманауи талаптарға сай жабдықталған, заманауи медициналық құралдар мен құрал-жабдықтар орнатылған. Енді ауыл тұрғындары өздеріне жақын жерде сапалы және қолжетімді медициналық көмек ала алады. Медициналық тірек тұрғындар үшін профилактикалық тексерулер, емдеу, алғашқы медициналық көмек көрсету және кең ауқымды диагностика мүмкіндігін ұсынады. Бұл ауылдық жердегі денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған нақты қадам болып отыр.
Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Олар ауылдағы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстың маңыздылығына тоқталып, тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, бұл бастама – Түлкібас ауданындағы медициналық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында қолға алынған жүйелі жұмыстардың жалғасы. 2025 жылы аудан көлемінде Мақталы, Тастұбұлақ, Шақпақ-Баба, Азаттық ауылдарында да жаңа медициналық тіректер ел игілігіне берілді. Қызылбастау ауылындағы жаңа нысан осы игі бастамалардың жалғасы ретінде тұрғындардың денсаулық сақтау саласындағы қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Жаңа медициналық тірек ауылдық жердегі медициналық қызмет сапасын арттыру, дәрігерлердің жұмысын жеңілдету және халыққа қолжетімді қызмет көрсетуге жағдай жасау арқылы Түлкібас ауданындағы әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына елеулі үлес қосады. Бұл нысан ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартумен қатар, ауданның денсаулық сақтау саласындағы тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды қадам болып отыр.
Алдағы уақытта да аудан әкімдігі мен тиісті мекемелер жаңа нысандар ашуды жалғастырып, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету бағытындағы жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға ниетті. Қызылбастау ауылындағы медициналық тірек пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғау мен медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету саласындағы маңызды бастамалардың бірі ретінде есте қалмақ.
