МАҚТААРАЛДАҒЫ Ж.ҚАЛШОРАЕВ АУЫЛЫ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОСЫЛДЫ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 34 жылдық мерекесі қарсаңында Мақтаарал ауданы үшін тағы бір маңызды әлеуметтік оқиға орын алды. Ауданның Достық ауылдық округіне қарасты, халқы үш мыңға жуықтайтын Ж.Қалшораев ауылына табиғи газ берілді. Көп жылдан бері ауыл тұрғындары асыға күткен бұл игілік – өңірдегі тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға және ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.

Ауылға көгілдір отынның қосылуына орай ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті. Аудан басшысы жиналған жұртшылықты Тәуелсіздік мерекесімен және елді мекенге табиғи газдың келуімен құттықтап, бұл жобаның мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған зор қолдаудың айқын дәлелі екенін атап өтті. Оның айтуынша, табиғи газ – тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, қауіпсіздікті арттыратын әрі экономикалық тұрғыдан тиімді энергия көзі.

Ж.Қалшораев ауылының тұрғындары үшін бұл жаңалық – тұрмыс сапасын арттырудағы үлкен серпіліс. Бұған дейін сұйытылған газ баллондарын пайдаланып келген халық енді қауіпсіз, үздіксіз әрі қолайлы жылу көзіне қол жеткізіп отыр. Бұл әсіресе қыс мезгілінде отбасылардың тұрмысына айтарлықтай жеңілдік әкеліп, тұрмыстық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, табиғи газды пайдалану экологиялық тұрғыдан да тиімді болып, қоршаған ортаға келетін зиянды әсерді төмендетуге ықпал етеді.

Аудан басшысының айтуынша, елді мекендерді табиғи газға қосу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар ауылдардың инженерлік инфрақұрылымын дамытып, халықтың өмір сүруге қолайлы ортасын қалыптастыруға негіз болады. Аталған жоспарға сәйкес, 2026 жылға қарай Мақтаарал ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Бұл – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін стратегиялық мақсат.

Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалдары мен тұрғындар аудан әкімдігіне және газдандыру жұмыстарына атсалысқан мамандарға ризашылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, табиғи газдың келуі – ауыл өмірін жаңа арнаға бұратын, болашаққа деген сенімді күшейтетін тарихи әрі қуанышты оқиға. Бұл бастама жастардың ауылда тұрақтап, еңбек етуіне де оң ықпал етпек.

Жалпы алғанда, Ж.Қалшораев ауылының көгілдір отынға қосылуы Мақтаарал ауданындағы кешенді дамудың айқын көрінісі. Мұндай инфрақұрылымдық жобалар ауыл мен қала арасындағы тұрмыс сапасын теңестіруге, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және өңірдің тұрақты дамуына берік негіз қалыптастырады.