Түркістан облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын шегіртке зиянкесінен қорғау және егістік өнімділігін сақтау мақсатында кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, үйірлі шегірткеге қарсы 421,594 гектар аумаққа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуі қарастырылған. Сонымен қатар, шегіртке зиянкесінің таралуын төмендету мақсатында 1454,7 гектар жерге жер жырту жұмыстары ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта топырақты аудару және өңдеу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Бұл шаралар шегіртке дернәсілдерінің жаппай көбеюін тоқтатып, зиянкестерді ерте кезеңде жоюға мүмкіндік береді. Арнайы жүргізілген мониторинг нәтижесінде дернәсілдердің шоғырланған аумақтарының нақты координаттары анықталды. Бүгінде 115 гектар жер жартылып, өңделген алқаптардағы күбіршелерге зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Өңделетін барлық жер көлемі Облыстық болжам-әдістемелік орталығының мониторинг деректері негізінде нақты аймақтармен белгіленіп отыр.
Жер жырту жұмыстары облыстың 8 ауданын және бір қаласын қамтиды: Арыс қаласы, Сарыағаш, Бәйдібек, Келес, Шардара, Сауран, Ордабасы және Қазығұрт аудандары. Аталған іс-шараларға барлығы 90 техника жұмылдырылған. Бұл жұмыстар ауыл шаруашылығы алқаптарының сақталуын қамтамасыз етіп, өнімділікке төнетін қатерді азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу, агроөнеркәсіптік инфрақұрылымды жетілдіру және жергілікті фермерлерді қолдау шаралары да атқарылуда.
Айта кетейік, биылғы жылы Түркістан облысында үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалпы 715 мың гектарға жүргізілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары, яғни өңірде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде кеңейіп, тиімді ұйымдастырылғанын көрсетеді. Мониторинг және алдын алу шараларының арқасында дақылдар мен егістік алқаптарында зиянкестердің таралу деңгейі бақылауда болып, шаруалар үшін қауіп азайтылды.
Түркістан облысында жүргізіліп жатқан бұл кешенді іс-шаралар өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға, дақылдардың өнімділігін сақтау мен тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып отыр. Шегіртке зиянкесіне қарсы ұйымдастырылған тиімді күрес облыстың агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, өнімділік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамытуға зор үлес қосуда. Сонымен қатар, бұл жұмыстар жергілікті бюджетке және фермерлердің табысына оң әсерін тигізіп, ауыл шаруашылығын стратегиялық маңызды сала ретінде нығайтуға мүмкіндік береді.
Алдағы кезеңде облыстық мамандар топырақ өңдеу, химиялық өңдеу және мониторинг жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы шаралар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға үлкен үлес қосатын болады. Түркістан облысы шегіртке зиянкесіне қарсы күрес бойынша жүйелі және заманауи тәсілдерді қолдануда, ал алынған тәжірибе алдағы жылдары басқа өңірлерге де үлгі болып қызмет етеді.
