Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Нұрлы жол елді мекенінде тұрғындардың денсаулығын қорғау және алғашқы медициналық-санитариялық көмек сапасын арттыру мақсатында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Бұл медициналық мекеме заманауи стандарттарға сәйкес салынған және ауыл тұрғындарына қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге барлық жағдаймен қамтамасыз етілген.
Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады. Өңір басшысы жаңа медициналық нысанның ашылуы – халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған нақты қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ, шалғай ауылдарда да сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру – өңірдің басым бағыттарының бірі екенін жеткізді.
📌– Құрметті сарыағаштықтар! Сіздерді жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Биыл өздеріңізбен кездескенде Нұрлы жол ауылында медициналық нысан салу туралы өтініш білдірген едіңіздер. Міне, ол шешімін тауып отыр. Алдағы уақытта да ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.
Ауыл биі Әділхан Андасов ел тұрғындары атынан алғысын білдіріп, жаңа нысанның ашылуы ауыл халқы үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті. Жаңа дәрігерлік амбулатория 0,10 гектар аумақта орналасқан және 2025 жылдың мамыр айында салынуды бастап, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Нысан бір мезетте 25 адамды қабылдай алады және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің барлық түрін жүзеге асыра алады.
Жаңа амбулаторияның ашылуы елді мекен тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды шара болып отыр. Бұл жоба тұрғындардың денсаулығын сақтау мен өмір сапасын көтеру бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың айқын көрінісі болып табылады.
Айта кетейік, Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа медициналық ғимарат салу жоспарланған. Сонымен қатар, үш аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден өтіп, алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру үшін 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынған. Медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жеткен.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, Түркістан облысы халқының денсаулығын қорғау, сапалы медициналық қызмет көрсету және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бойынша жүйелі қадамдар жүзеге асырылады. Нұрлы жолдағы жаңа дәрігерлік амбулатория – өңірдің әлеуметтік дамуы мен инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған нақты жетістіктің айқын көрінісі.
