КЕЛЕС АУДАНЫНДА АУЫЗ СУ НЫСАНДАРЫ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Соның айқын дәлелі ретінде Келес ауданындағы Кеңдала және Көгерту елді мекендерінде жаңа ауыз су нысандары пайдалануға беріліп, тұрғындар көптен күткен игілікке қол жеткізді.

Аталған нысандардың ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жұмыс сапары барысында қатысып, жергілікті халықты маңызды әлеуметтік жобаның іске қосылуымен құттықтады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қайтарылған активтерден түскен қаражаттың халық игілігіне бағытталып жатқанын атап өтіп, бұл бастаманың тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей әсер ететінін айтты. Сонымен қатар жауапты мекемелерге ауыз су нысандарының үздіксіз әрі сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету, техникалық қызмет көрсету мен бақылауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Салтанатты жиында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев та сөз алып, елді мекендерді ауыз сумен қамту – тұрғындар үшін ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Аудан басшысы алдағы уақытта да халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар өз жалғасын табатынын жеткізіп, атқарылып жатқан жұмыстардың әлеуметтік маңыздылығына тоқталды.

Жаңа су нысандарының іске қосылуы нәтижесінде Кеңдала елді мекеніндегі 102 тұрғын үйдің 502 тұрғыны таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ал Көгерту елді мекенінде пайдалануға берілген нысан арқылы 91 тұрғын үйдің 611 тұрғыны орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Бұл өз кезегінде ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп қана қоймай, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға оң ықпал етуде.

Жалпы, Келес ауданы бойынша 13 елді мекенді ауыз сумен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 12 ауыз су нысанының құрылысы жүргізіліп, олардың басым бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Барлық жобалар толық іске асқан жағдайда аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту деңгейі едәуір артып, өңірдің әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымы жаңа сапалық деңгейге көтеріледі.

Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы бұл жұмыстар Түркістан облысының дамуына серпін беріп, ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты әрі нәтижелі қадам болып отыр.