ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНДАРЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысында ауыл тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметпен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, әсіресе алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру – басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта Жетісай ауданында бірқатар заманауи денсаулық сақтау нысандары ел игілігіне берілді.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Жетісай ауданына қарасты Мақталы ауылдық округінің Алмалы және Алтынсарин елді мекендерінде жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталып, қыркүйек айында толық аяқталды. Жаңа нысандарда 10 медицина қызметкері еңбек етіп, 2 114 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Бұған дейін пайдаланылған 1960–1961 жылдары салынған ғимараттар апатты жағдайға байланысты қолданыстан шығарылған.

Сонымен қатар Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Бәйтерек елді мекенінде «Бәйтерек» дәрігерлік амбулаториясы пайдалануға берілді. Бұл нысанда 10 медицина қызметкері жұмыс істеп, 2 150 тұрғынға қызмет көрсетеді. Амбулаторияның құрылысы 1963 жылы салынған ескі ғимараттың тозығы жетуіне байланысты қолға алынып, өткен жылдың мамыр айында басталған. Жаңа нысан заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Медициналық нысандардың ашылу рәсіміне Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, сала мамандары мен ауыл тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында жаңа нысандардың ауыл халқының өмір сүру сапасын арттырып, медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Қазіргі таңда Жетісай ауданында 70 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Онда 486 төсек-орын қарастырылған және 381 медицина қызметкері халыққа қызмет көрсетуде. Ағымдағы жылдың 8 айында ауданда 2 242 бала дүниеге келіп, табиғи өсім көрсеткіші 9,6-ны құрады.

Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында биыл бір аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар екі дәрігерлік амбулатория мен алты фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жалғасуда.

Жалпы, Жетісай ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар Түркістан облысында ауылдық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып табылады.