ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯ МЕН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІНІҢ ЖАЛПЫ КӨЛЕМІ 2,5 ТРЛН ТЕҢГЕДЕН АСТЫ

Түркістан облысында экономиканың негізгі тірек салалары – инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы салалардағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде жан-жақты талқыланды.

Жиын барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшыларының есептерін тыңдап, аудан және қала әкімдеріне белгіленген индикаторлардың толық орындалуын, инвестиция тарту мен өндірісті жандандыруды тапсырды.

Біздің басты мақсатымыз – Түркістан облысын өзін-өзі толық қамтамасыз ететін өңірге айналдыру. Ол үшін жаңа өндіріс орындарын ашып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге көшуіміз қажет. Инвестиция тарту жұмыстары тұрақты әрі сапалы жүргізілуі тиіс. Белгіленген индикаторларды орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралады, – деді аймақ басшысы.

Мәжілісте Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов баяндама жасап, инвестициялық белсенділіктің негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылғы 24–25 қараша күндері Түркістан қаласында өткен Turkistan Investment and Tourism Forum-2025 халықаралық инвестиция және туризм форумына шетелден 153 компания қатысып, 300-ден астам делегат келген.

Аталған халықаралық алаңда жалпы құны 432,2 млрд теңгені құрайтын 9 меморандумға қол қойылды. Бұл келісімдер аясында өңірде:

  • мақта-тоқыма кластерін қалыптастыру,
  • металды терең өңдеу,
  • индустриалды аймақтар құру,
  • қағаз өндірісін жолға қою,
  • ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу секілді ірі жобаларды іске асыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар, аудан және қала әкімдіктері тарапынан да шетелдік инвесторлармен бірқатар келісімдер жасалған. Нәтижесінде, жыл басынан бері облыс экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады.

Ауыл шаруашылығы: республикадағы көшбасшылық сақталуда

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев саладағы индикаторлардың орындалу барысын баяндады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жол картасы негізінде 2025 жылға арналған 10 негізгі индикаторлық көрсеткіш айқындалған.

11 айдың қорытындысы бойынша оның 7-еуі толық орындалған. Атап айтқанда:

  • су үнемдеу технологияларын енгізу – 140 %,
  • ауыл шаруашылығы техника паркін жаңалау – 143 %,
  • минералды тыңайтқыштар енгізу – 120 %,
  • жеміс-көкөніс сақтау қоймаларын салу,
  • сүт фермасын құру,
  • жұмыртқа бағытындағы құс фермасын ашу – 100 % орындалды.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы жалпы өнімін өндіру бойынша республикада алғашқы орында тұр. Саланың жалпы үлесі – 13 пайыз. 11 айдың ішінде 1 трлн 154 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,2 пайызды құрады. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 1 трлн 254 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Жалпы алғанда, инвестиция мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жиынтық көлемі 2,5 трлн теңгеден асып, Түркістан облысының экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетті. Өңірде іске асырылып жатқан ірі жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.