Президент атап өткендей, «Заң мен тәртіпке құрмет – қоғамның тұрақтылығы мен болашағының басты кепілі». Бұл сөздер бүгінгі ұрпақтың жауапкершілігін арттыру, жастарды құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу және олардың бойында заңға деген құрметті қалыптастыру қажеттігін айқын көрсетеді. Осыған орай Еңбекші ауданы әкімі аппараты №150 жалпы орта мектебінде жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған кең ауқымды профилактикалық кездесу ұйымдастырды. Шараның негізгі мақсаты – жастарды қоғамдағы жағымсыз құбылыстардан қорғау, олардың өмірлік көзқарасын дұрыс қалыптастыру және қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету. Іс-шараға полиция басқармасының инспекторы, Шымкент қаласы дін істері басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы, психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері, сондай-ақ №15 жекпе-жек түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған спорт мектебінің жаттықтырушысы мен кәсіби спортшысы қатысты. Әр сала маманы өз бағыттары бойынша нақты ақпарат беріп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлері, олардың құқықтық салдары, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі туралы кең көлемде түсіндірілді. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қоғамға қауіптілігі, дәстүрлі емес діни ағымдардың теріс ықпалы, нашақорлық пен суицидтің алдын алу шаралары туралы маңызды мәліметтер жеткізілді. Мамандар нақты өмірлік мысалдар келтіріп, әрбір жасөспірімнің қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін заң талаптарын орындаудың маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Шараның көңіл-күйін көтеріп, жастарды ынталандыру мақсатында мотивациялық спорттық бөлім ұйымдастырылды. Еркін күрестен Қазақстан Республикасының 5 дүркін чемпионы, Азия чемпионаттарының жүлдегері, спорт шебері Сейдуалы Бейбіт оқушылармен ашық сұхбат өткізіп, өзінің спорттағы тәжірибесімен бөлісті. Чемпион көрсеткен жекпе-жек сәттерінің бейнеүзінділері оқушылардың қызығушылығын оятып, олардың спортқа деген ынтасын арттырды. Жалпы, бұл кездесу жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, олардың бойында жауапкершілік сезімін күшейтуге, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды қадам болды. Осындай жүйелі іс-шаралар жастарды дұрыс жолға бағыттап, заң мен тәртіпті құрметтейтін азаматтарды тәрбиелеуге мол үлес қосады. Ең бастысы – мұндай кездесулер қоғамның қауіпсіздігін нығайтып, елдің тұрақты дамуына ықпал етеді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
