ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІКТЕР МЕН ЖАСЫЛ АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қауіпсіз және жайлы демалыс аймақтарын құру мақсатында қоғамдық кеңістіктерді жаңарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қала әкімдігі мен демеушілердің бірлескен күш-жігері нәтижесінде бірнеше шағынаудандарда жаңа демалыс аймақтары салынып, қолданыстағы қоғамдық орындар жаңартылуда. Бұл бастамалар тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға, қауіпсіздік деңгейін арттыруға және қала бейнесін заманауи талаптарға сай келтіруге бағытталған. Сити шағынауданында демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан жобаның жалпы аумағы 17 240 шаршы метрді құрайды. Нысанда абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын, ал көгалдандыру аясында түрлі ағаш, бұта және сәндік өсімдіктер отырғызу жоспарланған. Жаңа демалыс аймағы тұрғындардың қауіпсіз және ыңғайлы уақыт өткізуіне жағдай жасау мақсатында жобаланған. Мұнда балалар мен ересектер үшін демалыс аймақтары, спорт және серуендеу жолдары, сонымен қатар отырғызу аймақтары қарастырылған. Асар шағынауданында қала көгалдандыруына қажетті көпжылдық гүл өсірілетін жылыжай жұмыс істейді. Мұнда көшеттер өсіріліп, оларды күтіп-баптау және заманауи агротехнологияларды қолдану арқылы сапалы отырғызу материалдары дайындалады. Көпжылдық гүл дақылдарын алдын ала дайындау қалалық бюджет шығындарын азайтып, қаражатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді және магистральдық көшелер мен қоғамдық орындарды сапалы жасыл желекпен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.Әл-Фараби ауданы, Быковский көшесінде 1 050 шаршы метрді қамтитын жаңа қоғамдық кеңістік салынып жатыр. Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолы, автотұрақ, жарықтандыру және жасыл желек отырғызу қарастырылған. Сонымен қатар, Теріскей шағынауданында балалар алаңдары, Қаратау ауданы әкімдігі ғимараты маңында демеушілер есебінен абаттандырылған демалыс аймақтары тұрғындардың әлеуметтік және демалыс қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге бағытталған. Қалалық кеңістіктерді абаттандыру мен көгалдандырудың әлеуметтік мәні айрықша. Жасыл аймақтар тұрғындардың психологиялық және физикалық денсаулығына оң әсерін тигізеді, балалар мен жастарға спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді, сонымен қатар қала тұрғындары үшін мәдени және әлеуметтік іс-шараларды ұйымдастыру алаңын ұсынады. Жаңа қоғамдық кеңістіктердің ашылуы қаладағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, тұрғындардың өз ортасын қастерлеуіне ықпал етеді.