ШЫМКЕНТТЕ ПЛАСТИК ӨНДІРІСІ МЕН ҚАЙТА ӨҢДЕУ САЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Шымкент қаласы индустриалды әлеуетін арттыру және қаланың өндірістік инфрақұрылымын әртараптандыру бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Солардың бірі – ПЭТ-преформа және қайта өңделген пластик (R-PET) өндірісін дамыту жобасы. Бұл бастама тек қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті экономикаға қосымша құн енгізіп, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында индустриалды дамуды жеделдету және өндірістік сектордағы жаңа мүмкіндіктерді ашу мақсатында іске асырылып отыр. Жоба аясында Шымкентте заманауи зауыт салынады. Мұнда жылына 80 000 тонна ПЭТ-преформа және 24 000 тонна қайта өңделген пластик өндірілетін болады. Қолданылатын өндірістік технологиялар халықаралық стандарттарға сай келіп, өнім сапасын қамтамасыз етуге және пластик қалдықтарын қайта өңдеуді тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және қалдықтарды басқарудағы тиімділікті арттыруға септігін тигізеді. Жобаның әлеуметтік мәні де зор. Жаңа өндіріс орны іске қосылғанда 135 тұрақты жұмыс орны құрылады, бұл жергілікті тұрғындар үшін тұрақты еңбек мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Әсіресе жастар мен әйелдер сияқты әлеуметтік осал топтар жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады, олардың табысын арттыруға және әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға септеседі. Сонымен қатар, заманауи өндірістік инфрақұрылым шағын және орта бизнеске серпін беріп, Шымкенттің индустриалды аймақтарындағы инвестициялық тартымдылығын арттырады. Жоба Шымкенттің аумақтық даму стратегиясына сәйкес индустриалды аймақтарды кеңейтуге, инновациялық өндірістерді қолдауға бағытталған. Бұл өндірістік кәсіпорынның іске асуы қала экономикасын әртараптандыруға, экспорттық әлеуетті арттыруға және технологиялық дамуды күшейтуге мүмкіндік береді. Заманауи өндіріс инфрақұрылымының енгізілуі қаланың индустриалды секторындағы тиімділікті арттырады, ал бұл өз кезегінде Шымкенттің жалпы экономикалық өсуіне елеулі үлес қосады. Экологиялық тұрғыдан алғанда, қайта өңделген пластик өндірісі маңызды рөл атқарады. Пластик қалдықтарын кәдеге жарату қоршаған ортаға зиянды азайтып, қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өндірісте қолданылатын жаңа технологиялар инновациялық шешімдерді енгізуге және Шымкентті экологиялық саналы, өнеркәсіптік әлеуеті жоғары қалаға айналдыруға мүмкіндік береді.