ШЫМКЕНТТЕ ШАҒЫН ӨНЕРКӘСІПТІҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП, ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Шымкент қаласы индустриялық әлеуетін арттыру және шағын өнеркәсіпті дамыту бағытында маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Солардың бірі – «Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасқан Шағын өнеркәсіп аймағы. Бұл аймақ қала экономикасын әртараптандыруға, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған стратегиялық бастама болып отыр. Шағын өнеркәсіп аймағы 10 гектар аумақта орналасқан және жалпы инвестиция көлемі 13 млрд теңгені құрайды. Жобаны іске асыру жұмыстары екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезең толығымен аяқталып, 24 000 м² өндірістік және инфрақұрылымдық ғимараттар пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта аумақтың бір бөлігі толығымен жұмыс істеп тұр: 3 жалға алушы өз қызметін бастады, ал 2 әлеуетті резидентпен орналастыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бірінші кезеңде құрылған өндірістік алаңдарда шамамен 100 қызметкер еңбек етуде. Алайда болашақта бұл көрсеткіш 300 адамнан астамға дейін арттырылады деп жоспарланған. Мұндай өсім жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді. Екінші кезең бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жоспарға сәйкес, қосымша 20 000 м² жаңа өндірістік алаңдар салынады. Бұл кезеңді ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Жаңа алаңдардың іске қосылуы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына, өндірістік қуаттардың ұлғаюына, сондай-ақ инновациялық және заманауи технологияларды енгізуге жол ашады. Жобаның маңызды артықшылықтарының бірі – өңір экономикасын дамытуға қосатын нақты үлесі. Шағын өнеркәсіп аймағының дамуы жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлер мен стартаптарға қолдау көрсетуге, өндірістік инфрақұрылымды жетілдіруге және қаланың индустриалды потенциалын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобаны іске асыру Шымкент қаласының аумақтық даму стратегиясына сәйкес, индустриалды аймақтарды кеңейтуге, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және қала тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Қала әкімдігі мен инвесторлардың бірлескен жұмысы арқасында «Жұлдыз» индустриялық аймағындағы шағын өнеркәсіп аймағы өндіріс саласының заманауи үлгісін қалыптастырып, Шымкенттің индустриалды дамуы мен экономикасын әртараптандырудағы маңызды үлесін көрсетіп отыр. Жобаның толық іске қосылуы қаланың тұрақты дамуына, жергілікті еңбек нарығының дамуына және инвестициялық климаттың жақсаруына нақты септігін тигізеді.