Шымкент қаласында әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарды қолдау бағытындағы мемлекеттік бастамалар нәтижелі жүзеге асырылуда. 2025 жылы қалада 333 тұрғынға 400 АЕК-ке дейінгі (1 572 800 теңге) қайтарымсыз грант берілді. Бұл қаржы азаматтарға жеке кәсіп ашуға, табысын арттыруға және экономикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. 2025 жылдың алғашқы екі легінде жалпы 1 756 өтінім қабылданып, комиссия шешімімен 336 адам мақұлданған болатын. Алайда, 3 адамның есепшоты техникалық себептермен бұғатталғандықтан, нақты қаржы аударылғаны 333 адам болды. Бірінші лекте 134 адам (65 жеке кәсіпкер, 69 жұмыссыз), ал екінші лекте 199 адам (101 жеке кәсіпкер, 98 жұмыссыз) қолдау тапты. Жеңімпаздардың басым бөлігі әлеуметтік осал топтарға жатады: 192 көпбалалы отбасы, 51 мүгедектігі бар азамат, 59 ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-ана, 22 асыраушысынан айырылған адам және 9 атаулы әлеуметтік көмек алушы. Бұл санаттағы азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласын әлеуметтік тұрғыдан дамытуды, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруды және әділеттілік қағидаларын нығайтуды тапсырған міндеттерінің нақты көрінісі. Грант алған азаматтар өз бизнес-жобаларын әртүрлі салаларда жүзеге асыруда. Атап айтқанда: қызмет көрсету – 151 адам, өндіріс (құлпынай өсіру, ет өнімдері, т.б.) – 53 адам, кондитерлік және нан өнімдері – 37 адам, тігін – 35 адам, жартылай дайын өнімдер – 24 адам, мал, құс шаруашылығы – 12 адам, жиһаз өндірісі – 4 адам және өзге бағыттар (фаст-фуд, шұжық, кофе және т.б.) – 17 адам. Бұл әртараптандырылған кәсіпкерлік жобалар Шымкент экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаладағы бизнестің әлеуетін арттыруға зор үлес қосады. Грант қаражаттарының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету үшін арнайы мониторинг тобы жұмыс істейді. Егер қаржы мақсатсыз немесе шартқа сәйкес қолданылмаса, ол мемлекетке қайтарылады. Бұл – мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырып, азаматтарға сенімді әрі әділ мүмкіндік беретін нақты механизм. Қайтарымсыз гранттар бағдарламасы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, Шымкент қаласының кәсіпкерлік инфрақұрылымын нығайтуға, халықтың экономикалық белсенділігін арттыруға және қаладағы жұмыс орындарының санын көбейтуге бағытталған маңызды қадам болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, осындай бастамалар арқылы Шымкенттің дамуы әрі әлеуметтік әділеттілік қамтамасыз етіліп, қала тұрғындарының әл-ауқаты тұрақты түрде жақсара береді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
