ЖҰМЫСШЫ ЖАСТАР – ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІН ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

ЖМамандық Олжик - 15

Еліміздің экономикалық дамуы мен өндірістік әлеуетінің артуы – білікті мамандардың, әсіресе еңбек нарығына енді қадам басқан жастардың табанды еңбегімен тығыз байланысты. Соңғы жылдары жас мамандар өндіріс орындарында белсенді еңбекке араласып, кәсіби дағды мен тәжірибе жинауға ұмтылуда. Бұл – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын маңызды фактор. 2025 жыл Қазақстан үшін ерекше мәнге ие – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл шешім еліміздің өндіріс саласында қажырлы еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшыларға, соның ішінде өз кәсіби жолын енді бастаған жас мамандарға құрмет пен қолдаудың көрінісі болып отыр. Шымкент қаласы жастарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Солардың бірі – Еңбек мобильділігі орталығының бастамасымен жүзеге асырылған «Жастар практикасы» бағдарламасы. Бағдарлама аясында жас мамандар уақытша жұмыс орындарында тәжірибе жинақтап, кәсіби дағдыларын шыңдай алады. 2025 жылдың өзінде аталған жоба бойынша 1 643 жас өз мамандықтары бойынша алғашқы еңбек тәжірибесін алған. Бағдарламаның нақты мысалы – Нұрсұлу Оразалы. Ол 2025 жылдың шілде айында Шымкент қаласындағы №5 кәсіптік колледжді тоқыма өндірісі мамандығы бойынша тәмамдап, диплом алды. Кейін «Enbek.kz» электронды еңбек биржасында ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелді. Аудандық Мансап орталығы арқылы «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысып, өз мамандығы бойынша жұмысқа жолдама алды. Қазір Нұрсұлу «Назар Текстиль» кілем фабрикасында тоқыма операторы болып еңбек етуде. – «Фабрикаға алғаш рет колледжде оқып жүрген кезде өндірістік тәжірибеден өту үшін келген едім. Сол кезден ұжымның ынтымағы мен еңбек тәртібі ұнаған болатын. Колледжді аяқтаған соң мемлекеттік бағдарлама арқылы осы жерге қайта оралып, жұмысымды бастадым. Мұнда мен сияқты жастар көп. Ұжымда бір-бірімізге қолдау білдіріп, тәжірибе алмасып отырамыз. Қазір кілемнің түр-түсіне қарай жіптерді тоқыма құрылғысына дайындаумен айналысамын. Ең бастысы – мамандығым бойынша еңбек етіп жүрмін», – дейді Нұрсұлу Нұржанқызы. «Жастар практикасы» бағдарламасы жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың қаржылық тәуелсіздігін қалыптастырады, әлеуметтік белсенділігін арттырады және кәсіби дамуына жол ашады. Сонымен қатар, жас мамандар өндіріс орындарында өз дағдыларын қолдана отырып, қаланың экономикалық әлеуетін күшейтеді, өндіріс тиімділігін арттырады және жаңа жұмыс орындарының құрылуына серпін береді.