Шымкент қаласы жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып, жастардың кәсіби дамуына жол ашуда. Қала бойынша қазіргі таңда 2 мыңнан астам жас маман түрлі бағдарламаларда алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, кәсіби қабілеттерін шыңдап жатыр. «Жастар практикасы» бағдарламасы – солардың бірі. Бағдарлама арқылы жас мамандар өздеріне қызықты әрі болашақта тұрақты жұмысқа айналуы мүмкін салада тәжірибе жинай алады. Мысалы, биыл Шымкент политехникалық колледжін «тоқушы-оператор» мамандығы бойынша тәмамдаған Малика Мұсаходжаева Enbek.kz электронды еңбек биржасында жұмыссыз ретінде тіркеліп, көп ұзамай «Назар Текстиль» кілем фабрикасына жұмысқа шақырылды. Қазір ол бағдарлама аясында зат белгі операторы болып еңбек етуде. – «Фабрикада мен сияқты жастар көп, сондықтан жұмысымыз көңілді өтеді. Бағдарлама арқылы тәжірибе жинап қана қоймай, еңбегіме жалақы да аламын. Практика мерзімі аяқталған соң осы жерде тұрақты жұмыста қалуды жоспарлап отырмын», – дейді Малика. Бағдарламаның басты мақсаты – жас түлектерге алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында «Жастар практикасы» жобасымен 1 682 жас маман, ал «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы аясында 352 маман әртүрлі мемлекеттік және өнеркәсіптік кәсіпорындарда тәжірибе жинап, еңбек нарығында өз орнын қалыптастыруда. Мемлекеттік бастамалардың осындай нәтижелі жүзеге асуы қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, жастардың экономикалық белсенділігін күшейтуге және Шымкенттің еңбек нарығын тұрақтандыруға нақты үлес қосады. Жастар алғашқы еңбек тәжірибесін жинай отырып, өз мамандығы бойынша кәсіби шеберлігін арттырады, қаржылық тәуелсіздікке қадам басады және әлеуметтік интеграцияға үлес қосады. Сонымен қатар, жас мамандардың тәжірибесі – қаланың индустриялық, өндірістік және қызмет көрсету салаларының дамуына серпін береді. Олар алған дағдыларын болашақта тұрақты жұмысқа кіріскенде қолдана отырып, өндіріс тиімділігін арттырады, қызмет көрсету сапасын жоғарылатады және жалпы қаланың экономикалық әлеуетін нығайтады. Осылайша, «Жастар практикасы» бағдарламасы Шымкент қаласының әлеуметтік саясатындағы маңызды құралға айналып, халықтың әл-ауқатын арттыруға және жас мамандардың кәсіби дамуына жол ашуда нақты үлес қосып отыр. Жастарға беріліп жатқан тәжірибе мен қолдау – тек жеке тұлғаның ғана емес, қаланың бүкіл экономикалық және әлеуметтік дамуының тірегі болып табылады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
