Шымкент қаласы әлеуметтік саясатты дамыту және азаматтардың өмір сапасын жақсарту бағытында жүйелі шараларды жүзеге асыруда. Соның бірі – әлеуметтік осал топтарға қайтарымсыз гранттарды беру арқылы азаматтардың кәсіби белсенділігін арттыру және өз бизнесін дамыту мүмкіндігін қамтамасыз ету. 2025 жылы Шымкент қаласында әлеуметтік осал топтар қатарындағы 431 тұрғынға комиссия шешімімен 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант берілді. Қаржылай қолдау алған азаматтардың көпшілігі қаражатты мақсатты түрде пайдаланып, жеке бизнес-жобаларын жүзеге асырып жатыр. Солардың бірі – қала тұрғыны, көпбалалы ана Ақмейір Қабылбек. Ол мамандығы бойынша дефектолог ретінде ерекше балалармен жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтаған. Биылғы жылдың алғашқы легінде грантқа өтінім беріп, комиссия алдында өз жобасын сәтті қорғады. Нәтижесінде 400 АЕК көлеміндегі мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, «Ерекше балаларды түзете-дамыту» орталығын ашты. 2025 жылғы айлық есептік көрсеткішке сәйкес, бұл қаражат 1 572 800 теңгені құрайды. Қабылбектің орталығы заманауи жабдықтармен толықтырылған: арнайы велосипед-тренажерлер, электр жүргізу жолы, батут, татами, орындықтар, логопедиялық құрал-жабдықтар сатып алынған. Сонымен қатар, орталық ғимараты өз қаражаты есебінен жалға алынған. Қазіргі таңда орталық 5 жасқа дейінгі дамуында тежелуі бар 20 балаға қызмет көрсетуде. Логопед маманымен қатар, АВА-терапевт, сенсорлық интеграция (СИ) және АФК мамандары балалардың дамуына көмек көрсетеді. Гранттарды беру кезінде комиссия жобаның өміршеңдігіне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, нарықтағы сұранысына және үміткердің сала бойынша тәжірибесіне ерекше мән береді. Қайтарымсыз грант тұрғын үй мен жер телімін сатып алуға, несиені өтеуге немесе акциздік тауарларды өндіруге берілмейді. Бұл шаралар – Шымкенттің әлеуметтік саясатындағы стратегиялық маңызды қадам. Қайтарымсыз гранттар азаматтарға кәсіпкерлік бастамасын дамытуға, өз кәсіби әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа орталықтардың ашылуы қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейтіп, тұрғындардың әлеуметтік қолдауына бағытталған. Мәселен, Ақмейір Қабылбек ашқан орталық ерекше балаларға қызмет көрсетумен қатар, жаңа жұмыс орындарын да құруда. Бұл – қаланың еңбекке қабілетті тұрғындарын жұмыспен қамтуға және әлеуметтік белсенділігін арттыруға септігін тигізетін нақты қадам.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
