Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған ауылында заманауи талаптарға сай жабдықталған 200 орындық спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, аудан тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады.
– Бүгін Созақ төрінде қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Баршаңызды заман талабына сай жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамытуды, халықтың денсаулығын нығайтуды тапсырды. Президент тапсырмасына сәйкес облыста спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Биыл 102 спорт нысанын салу жоспарланса, 40 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Олардың ішінде ескек есу каналы, 5 спорт кешені, 9 спорт зал, 18 спорт алаңы, 5 футбол манежі бар. Біз спортқа қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Себебі ұлт денсаулығы – ең басты байлық. Осы заманауи кешенде жаттыққан балалар арасынан Олимпиада және әлем чемпиондары шыға берсін! – деді облыс әкімі.
Ашылу салтанатында Нұралхан Көшеров спорт кешенін аралап, жас спортшылармен кездесті, оларға доптар сыйлап, спорттағы жеңісті жол тіледі. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов пен ел ағалары спорт кешенінің ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді. Бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып пен белгілі футболшы Таңат Нөсербаев бастаған спортшылар да жаңа нысанға жоғары баға берді.
Жоба «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жалпы аумағы 3 гектарды қамтитын кешеннің оқу-жаттығу базасы заманауи стандарттарға толық сай келеді. Нысан бір мезетте 100 спортшыға дейін қабылдай алады. 200 орындық спорт кешенінде волейбол, күрес, аралас жекпе-жек, бокс залдары жұмыс істейді. Сонымен қатар, жабық бассейн орналастырылған. Кешен ауласында тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған шынығу алаңы, баскетбол және футбол алаңдары да қарастырылған. Бұл нысан тек кәсіби спортшылар үшін ғана емес, бұқаралық спортпен айналысатын жастар мен тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.
Ашылу салтанатынан кейін ересектер арасында кіші футболдан республикалық турнир басталды. Оған еліміздің әр өңірінен 13 команда қатысуда. Бұл шара жергілікті спорт инфрақұрылымын дамытуға, бұқаралық спортқа тартуға және жастарды спорттық жетістіктерге ынталандыруға бағытталған.
Айта кетейік, қазіргі таңда Созақ ауданында бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Ауданда 2 спорт мектебі мен 1 спорт клубы жұмыс істейді. Бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны 24 мыңнан асып, аудан халқының 41 пайызын құрап отыр. Жаңа кешеннің ашылуы Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын кеңейту, тұрғындардың денсаулығын нығайту және жастардың физикалық дамуына жағдай жасау бағытында маңызды қадам болып отыр.
Созақтағы бұл жоба өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына да серпін береді: жаңа спорттық нысандар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, туристік тартымдылықты арттырады, жергілікті мамандар мен қызмет көрсетушілер үшін жаңа жұмыс орындарын ашады. Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамыту арқылы аудан халқының өмір сапасы көтеріліп, өңірдің дамуы мен тұрғындардың әлеуметтік белсенділігі артады.
