ШЫМКЕНТТЕ 341 ЖЕР УЧАСКЕСІ МЕМЛЕКЕТ МҰҚТАЖЫНА ҚАЙТАРЫЛДЫ

Шымкент қаласының урбанистикалық дамуы мен жол-көлік инфрақұрылымын кеңейту бағытында биыл ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қаланың Бас жоспарына сәйкес, стратегиялық маңызы бар нысандардың құрылысына қажетті жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару процесі жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы тарапынан 341 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынып, оның ішінде 298 учаскенің иелеріне өтемақы төленді, ал 43 жер телімінің иесіне тең бағалы жер учаскесі берілді. Бұл жұмыстар қала әкімдігінің тиісті қаулылары негізінде жүзеге асырылып, заң аясында ашық жүргізілуде. Қазіргі таңда мегаполистің даму қарқынына сай көлік қозғалысын жеңілдету, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және жаңа жол айрықтарын салу мақсатында маңызды учаскелер мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Соның ішінде, Шымкенттің негізгі магистральдарының бірі саналатын Қонаев даңғылының 5-кезеңінің құрылысына 270 жер учаскесі түссе, бүгінгі күнге дейін 253 учаскенің иелеріне өтемақы төленіп, мемлекет мұқтажына алынған. Бұл жоба қаланың шығыс және батыс бағыттарын жалғайтын негізгі көлік дәлізі ретінде қала ішіндегі қозғалысты едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Бадам өзенінен Қазығұрт шағынауданындағы айналма жолға дейін созылатын А-2 автожолының құрылысы да жалғасуда. Халықаралық маңызы бар бұл бағыт бойынша 80 жер телімінің мемлекетке өтуі қажет болса, оның 25-іне өтемақы төленіп, мемлекет меншігіне қайтарылды. Аталған автожол болашақта транзиттік тасымалды оңтайландырып, қаланың логистикалық мүмкіндіктерін арттыра түспек. Сондай-ақ, Алматы көшесінен Тұран шағынауданы бағытында салынып жатқан С.Бәйтереков көшесінің жалғасы үшін 56 учаске қажет. Бүгінде 42 жер телімінің иесіне өтемақы төленіп, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылды. Бұл бағыт жаңа тұрғын аймақтар арасындағы көлік қатынасын жақсартып, қала ішіндегі жүктемені азайтады. Қаланың тағы бір маңызды жобасы – Арғынбеков көшесінен Төлеметов көшесіне дейінгі Қазиев көшесінің жалғасын салу. Бұл құрылыс үшін керек 25 учаскенің 21-і мемлекет меншігіне қайтарылып, жұмыстың негізгі бөлігі аяқталуға жақын. Аталған көше қала ішінде жаңа көлік қатынасын ашып, жол байланыстыру желісін кеңейтеді. Шымкенттегі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару — қаланың келешегіне бағытталған маңызды инвестиция. Бұл тек жол құрылыстарын жүзеге асыруға ғана емес, болашақта әлеуметтік және қоғамдық нысандар салуға, көлік түйіндерін заман талабына сай дамытуға мүмкіндік береді. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталады.