Созақ ауданында білім саласын дамыту бағытында маңызды қадамдар жасалуда. «KATKO» БК ЖШС және Orano Mining компаниясы басшылығының жұмыс сапары Таукент кентіндегі І.Кеңесбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте жалғасты. Делегация құрамында Orano Mining аға вице-президенті Ксавье Сен-Мартен Тийе, KATKO Бас директоры Закария Эль Марзуки, аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов және KATKO коммуникациялар және КӘЖ басқармасының басшысы Айнаш Шеңгелбаева болды. Олар мектептегі жаңа интерактивті оқу жабдықтарымен танысып, білім беру саласындағы жобалардың жүзеге асырылу барысын қадағалады.
Orano Mining стратегиясы аясында білім беру жобасы Тасты, Шу және Таукент мектептеріндегі 10 оқу кабинетін жаңғыртуды қамтиды. Жобаның жалпы құны 104 млн теңгеден асады, оның ішінде Таукентке бағытталған инвестиция көлемі 39,5 млн теңге. Делегация толық жаңғыртылған Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі және физика кабинеттерін аралап көрді.
Жаңғыртылған кабинеттер заманауи интерактивті 4K панельдер, компьютерлер, мультимедиялық жүйелермен, жаңа парталар мен орындықтармен жабдықталған. Тарих кабинеті жаңа карталар мен әдістемелік материалдар жинағымен толықтырылып, оқушыларға тарихи пәндерді тереңірек меңгеруге мүмкіндік береді. Физика кабинеті 100-ден астам зертханалық құралдар, датчиктер және модельдеу бағдарламалық жасақтамасымен қамтамасыз етілген. Қазақ және орыс тілі кабинеттері заманауи цифрлық оқыту технологиялары арқылы білім сапасын арттыруға бағытталған.
Bілім саласы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалардан бөлек, KATKO компаниясы Созақ ауданында әлеуметтік қолдау шараларын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, балаларға жаңа жылдық сыйлықтар тарату, ардагерлерге газет-журнал жазылымын қамтамасыз ету, студенттерге стипендиялық қолдау көрсету, қыс мезгілінде жүздеген отбасына көмір жеткізу, сондай-ақ көгалдандыру және жарықтандыру жобаларын іске асыру — компанияның тұрақты әлеуметтік саясатынан туындайтын нақты шаралар болып отыр. 2025 жылғы әлеуметтік бағдарламалар бюджеті шамамен 300 млн теңгені құрайды. Жалпы, компания өңірде 6,3 млрд теңгеге жуық 450-ден астам жобаны іске асырған.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов компания тарапынан көрсетілген қолдаулар үшін алғысын білдірді. KATKO Бас директоры Закария Эль Марзуки білім беру саласы компанияның басым бағыттарының бірі екенін атап, алдағы уақытта да қолдауды жалғастыра беретінін жеткізді.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың 22 қазанында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков KATKO компаниясының бас директоры Закария Эль Марзукимен кездесіп, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша алдағы үш жылға арналған ортақ даму жоспарын бекіткен болатын. KATKO компаниясы Созақ ауданымен ынтымақтастықты стратегиялық бағыт ретінде қарастырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше мән беріп келеді.
Жалпы, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және әлеуметтік қолдау шаралары аудандағы білім сапасын арттырып, жастарға сапалы білім алу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, бұл жобалар Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және өңірдің тұрақты дамуына серпін беретін маңызды бастама болып отыр.
