ЖЕТІСАЙДА ЖАҢА КӘСІПОРЫНДАР ЖӘНЕ ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛУДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданында кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту бағытында нақты жобалар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл жобалар өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, тұрғындардың табысын арттыруға және экономикалық дамуды жеделдетуге бағытталған маңызды шаралар болып отыр. Жетісай ауданы – ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы дамыған өңір болғанымен, соңғы жылдары индустриялық әлеуетті арттыру мәселесі ерекше назарда. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жобалар аудан экономикасына тың серпін беріп, тұрғындарға тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын болады.

Атап айтқанда, Асықата кентінің аумағында жалпы ауданы 1 га құрайтын шағын өндірістік парк құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба аясында құны 210 млн теңгені құрайтын 5 өндіріс орны іске қосылады. Олардың қатарына түйіршіктелген құрама жем өндіру зауыты, темір бұйымдарын дәнекерлеу цехы, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауыты, құрғақ және сұйық ұнтақ, кір сабын мен сусабын шығару цехы, сондай-ақ әжетхана қағазы мен майлықтар өндіретін өндіріс орны кіреді. Осы кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін шамамен 100-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, олардың тұрмыс жағдайы айтарлықтай жақсарады. Бұл жаңа өндіріс орындары аймақтағы экономикалық белсенділікті арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығынан алынған шикізатты өңдеуді дамытуға да мүмкіндік береді.

Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов құрылыс нысанында болып, атқарылған жұмыстарды тексерді. Олар мердігерлер мен инвесторлармен кездесіп, жобаларды жоспарланған мерзімде сапалы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, құрылыс барысында материалдардың сапасын қадағалау, қызметкерлердің қауіпсіздік шараларын сақтау, инфрақұрылым мәселелерін уақытылы шешу қажеттігі ескерілді. Аудан басшысы инвесторларға заң аясында барлық қолдаулар көрсетілетінін, индустриялық аймақ пен шағын өндірістік парк арқылы жаңа кәсіпорындар ашу мен жұмыс орындарын көбейтудің тиімділігін атап өтті.

«Белгіленген жоспарға сәйкес, шағын өндірістік паркте 5 инвестициялық жоба іске қосылады. Аудандағы индустриялық аймақ пен өндірістік парк экономикалық дамуды жеделдетеді, жаңа өндірістік орындарды ашуға мүмкіндік береді. Инвесторларға барлық заң аясындағы қолдаулар көрсетіледі. Асықата кенті мен Ынтымақ, Жаңа ауыл, Қазыбек би ауылдық округтерінің әлеуеті өте жоғары», – деді аудан басшысы.

Соңғы 5 жылда ауданға 90,2 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Аталған индустриялық аймақ пен шағын өндірістік парк мақталы өлкенің индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына жол ашатын маңызды бастама болып отыр. Алдағы уақытта аудандағы инвестиция көлемін 2030 жылы 419,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жобалар тек жаңа жұмыс орындарын ашумен шектелмей, жергілікті өндірісті дамытуға, ауылдық округтердің экономикалық әлеуетін арттыруға және өңірдің жалпы дамуына елеулі үлес қосатыны сөзсіз.

Жетісайдағы шағын өндірістік парк пен индустриялық аймақ арқылы ашылатын кәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді кеңейтіп, жергілікті шикізатты тиімді пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жаңа өндіріс орындары экономикалық өсімді тұрақты етеді, тұрғындарға тұрақты табыс көзі мен әлеуметтік кепілдіктер береді. Инвесторлар мен мердігерлердің белсенді қатысуы, мемлекеттік қолдаулар және тиімді инфрақұрылымның бар болуы жобалардың сәтті іске асуына толық мүмкіндік жасайды.