Жетісай ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымды дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес құрылыс нысандарын аралап, атқарылған жұмыстарды зерделеп, мердігер мекемелер мен инвесторларға нақты тапсырмалар берді.
Аудан басшысы алдымен Жетісай қаласының аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 га аумақтағы көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын тексерді. Жұмыстардың сапасын бақылап, орын алған кемшіліктер бойынша жауапты сала басшылары мен мердігерлерге дер кезінде жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бұл тұрғын үй кешендерін сапалы пайдалануға беріп, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Сонан соң Серік Үсенұлы шекара қызметі нысандарына барып, бұрын жылыту маусымында көмір жағып келген қызметкерлерге арналған жаңа табиғи газбен жылытылатын қазандықтарды және жылу жүйелерін тексерді. Қажеттіліктер мен ұсыныстарды тыңдап, шешімін қамтамасыз ететінін жеткізді.
Әлеуметтік нысандардың сапасы да ерекше назарда. Аудан әкімі 1 500 орындық мектептің құрылысында анықталған кемшіліктерді, мердігер мекеменің жауапсыздығын тексеріп, мектептің қабылдауға дайын еместігін атап өтті. Қабырғалар шөгіп, шатырдан су сорғалып тұрған мектептің жағдайы бойынша тиісті органдарға ескерту жасалды. Бұл әлеуметтік нысандардың сапасын бақылаудың маңыздылығын айқын көрсетеді.
Сонымен қатар, ауданға инвестиция тарту арқылы өндіріс орындарын салу, кәсіпкерлікті дамыту және жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытындағы жобалар да бақылауда. Аудан басшысы индустриялық аймақтар мен өндірістік парктердің құрылысын аралап, инвесторлармен тілдесті. Құрылыс сапасын және азаматтардың қауіпсіздігін қадағалау қажеттілігін атап, инфрақұрылым мәселелерін қысқа мерзімде шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Аталған жұмыстар Жетісай ауданында әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, сондай-ақ өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
