ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Жетісай ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және өңірлік экономиканы дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов пен «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС Жетісай, Мақтаарал аудандарының электр желелері басшысы Жантөре Нұрмұхамедов жергілікті БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатында ағымдағы жылдың 11 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді.

Аудан аумағында тұрғындарды газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Қазіргі таңда 105 елді мекеннің 92-сі табиғи газбен қамтылып, газ пайдаланушылардың үлесі 87,7 пайызға жетті. Өткен жылы 4 елді мекен, ал биылғы жылдың басынан бері 12 елді мекен газға қосылған. Жыл соңына дейін тағы 8 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, қосымша 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жетісай ауданын толық газдандыру 2027 жылға дейін жоспарланған.

Аудан аумағындағы су инфрақұрылымы да жаңғыртылуда. Жалпы 1 197 шақырым ауыз су құбырларының 81,5 пайызы қанағаттанарлық жағдайға жеткізілген. 83 дана су ұңғысы, 85 су мұнарасы, 24 су сақтағыш және санитарлық қорғау аймақтары тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл жұмыстар тұрғындарға сапалы ауыз су жеткізілуін қамтамасыз етіп, ауылдық жерлердегі өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Электр қуатымен қамтамасыз ету саласында да маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Жетісай қаласын кеңейтуге арналған 80 га аумақта 110/35/10 кВ қосалқы станция салынып, пайдалануға берілді. Абай ауылдық округіндегі Жүзімдік, Алтын кемер, Отан, Халықтар достығы және Бейбітшілік елді мекендеріндегі жаңа құрылыстарда электр желілері тартылып, қажетті қосалқы трансформаторлық пункттер орнатылуда. Сонымен қатар, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС инвест-бағдарламасы аясында тозығы жеткен ескі трансформаторлар мен бағаналар ауыстырылып, заманауи сиб-кабельдер жүргізілуде.

Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдарын дамыту да назардан тыс қалмай отыр. 2025 жылы ауданға Ұлттық қор, облыстық және жергілікті бюджеттер есебінен 1,4 млрд теңге қарастырылған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Жаңа ауыл, Қазыбек би, Ділдәбеков, Қызылқұм ауылдық округтеріндегі 30 көшеге, жергілікті бюджет есебінен Қарақай және Мақталы елді мекендеріндегі 10 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жетісай қаласындағы Омаршаев, Қалыбеков, Жоба Жәштаев, Ынтымақ елді мекеніндегі Көрікті және Шойын көшелерінің жөндеуі 2026 жылға өтпелі болса, жалпы ұзындығы 8,84 шақырымды құрайтын 10 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған.

Баспасөз мәслихатында сала басшылары атқарылған жұмыстардың барысын таныстырып, қойылған сұрақтарға толық жауап берді. Айтылған ұсыныс-пікірлер назарға алынып, алдағы кезеңде тиісті шаралар жүзеге асырылатындығы хабарланды. Бұл бағыттағы жұмыстар Жетісай ауданындағы инфрақұрылымның сапалы дамуына, тұрғындардың тұрмыс жағдайының жақсаруына және өңірлік экономикалық өсімге айтарлықтай үлес қосады.