АУДАНДА ЗАМАНАУИ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНДАРЫНЫҢ ІСКЕ ҚОСЫЛУЫ ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУЫН КҮШЕЙТУДЕ

Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның айқын көрінісі – «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Жетісай ауданында жаңа медициналық нысандардың ел игілігіне берілуі.

Аталған жоба шеңберінде Жетісай ауданында үш бірдей алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны пайдалануға тапсырылды. Мақталы ауылдық округіне қарасты Алмалы және Алтынсарин елді мекендерінде жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. Құрылысы биылғы жылдың мамыр айында басталып, қыркүйек айында толық аяқталған бұл нысандарда 10 медицина қызметкері еңбек етіп, 2 мыңнан астам ауыл тұрғынына сапалы медициналық қызмет көрсететін болады. Бұған дейін аталған елді мекендерде 1960–1961 жылдары салынған, апатты жағдайға жеткен ескі ғимараттар пайдаланудан шығарылған болатын.

Сонымен қатар Ж.Ералиев ауылдық округінің Бәйтерек елді мекенінде жаңа «Бәйтерек» дәрігерлік амбулаториясы ашылды. Мұнда 10 медицина қызметкері 2 150 тұрғынға қызмет көрсетеді. 1963 жылы салынған ескі ғимараттың тозуына байланысты жаңа нысанның құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталып, толық аяқталды. Жаңа амбулатория ауыл тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау нысандарының ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, AMANAT партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат депутаты Азамат Қожабаев, сондай-ақ «Жетісай» аудандық ауруханасының бас дәрігері Бағила Утеулиева қатысты. Қатысушылар жаңа нысандардың ауыл халқының денсаулығын нығайтуға, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Жаңа медициналық мекемелер заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетудің барлық бағыттары бойынша қызмет көрсетуге дайын. Мұнда жалпы тәжірибелі дәрігер, екпе егу, тіс дәрігері, сүзгі, акушер-гинеколог, балаларды дамыту, әлеуметтік қызмет, күндізгі стационар, ем-шара, стерильдеу, медициналық қалдықтарды жинақтау және бейнебақылау бөлмелері қарастырылған. Бұл ауыл тұрғындары үшін сапалы әрі қауіпсіз медициналық қызмет алуға қолайлы жағдай жасайды.

Айта кету керек, бүгінде Жетісай ауданында 70 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Онда 486 төсек-орын орналастырылып, 381 медицина қызметкері халыққа қызмет көрсетуде. Биылғы жылдың 8 айында ауданда 2 242 бала дүниеге келіп, табиғи өсім көрсеткіші 9,6-ны құраған. Бұл өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық пен денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін көрсетеді.

Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын одан әрі арттыру мақсатында ағымдағы жылы ауданда бір аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар екі дәрігерлік амбулатория мен алты фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жүргізілуде.

Жалпы алғанда, Жетісай ауданында жаңа денсаулық сақтау нысандарының іске қосылуы Түркістан облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және өңірдің орнықты дамуына бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.