Түркістан қаласында қала инфрақұрылымын кешенді дамыту және сәулеттік келбетті жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жобасы іске асырылып, бұл бастама облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды шаралардың біріне айналып отыр.
Биылғы жылы қала аумағында жалпы 33 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін жаңарту жоспарланған. Жоба аясында Т.Бокин көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерде жөндеу жұмыстары толық көлемде жүргізіліп, аталған аумақтағы 15 тұрғын үйдің қасбеттері толығымен жаңартылды. Бұл жұмыстар тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, қаланың сәулеттік тұтастығын сақтауға және туристік әлеуетін арттыруға ықпал етуде.
Сонымен қатар, қаладағы 1 және 2 ықшамаудандарда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерді қамтитын екінші кезең шеңберінде 18 тұрғын үйдің қасбетін жаңарту көзделген. Қазіргі таңда оның 17-сінде жөндеу жұмыстары толық аяқталып, бір тұрғын үйде жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда. Жөндеу барысында заманауи құрылыс материалдары қолданылып, қасбеттердің ұзақ мерзімділігі мен энергия тиімділігіне басымдық берілуде.
Көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту – облыста жүргізіліп жатқан кешенді урбанистикалық саясаттың бір бөлігі. Бұл шаралар қалалық ортаның эстетикалық тартымдылығын арттырып, тұрғындарға қолайлы және қауіпсіз өмір сүру жағдайын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге құрылыс және жөндеу жұмыстары жергілікті мердігерлердің қатысуымен жүзеге асырылып, өңірде қосымша жұмыс орындарының ашылуына және экономикалық белсенділіктің артуына ықпал етуде.
Жалпы алғанда, Түркістан қаласында қолға алынған көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жобасы облыстың инфрақұрылымдық дамуын жеделдетіп, қаланың заманауи келбетін қалыптастыруға, сондай-ақ өңірдің инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетеді.
