ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСУДА

2025 жылғы 15 желтоқсанда сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жиырмасыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық және аудандық мәслихат төрағалары, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессияны облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді.

Сессияның күн тәртібіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін 18 маңызды мәселе енгізілді. Атап айтқанда, Түркістан облысы полиция департаменті басшысының, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы мен білім басқармасы басшыларының есептері тыңдалды. Депутаттар мемлекеттік органдардың атқарған жұмыстарына талдау жасап, салаларды одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар кадрлық өзгерістерге байланысты облыс әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына түзетулер енгізілді. Сессия барысында қаралған барлық мәселелер бойынша мәслихат тарапынан тиісті шешімдер қабылданды.

Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров қабылданған шешімдердің өңірдің экономикалық дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, алдағы жылдарға арналған облыстық бюджет пен Даму жоспары бекітіліп, негізгі басымдықтар нақты айқындалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, бюджет қаражатын үнемдеу және елге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыру жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес 2026 жылға арналған облыстық бюджет көлемі 1,3 трлн теңге болып бекітілді. Бюджет шығыстарын қалыптастыру кезінде міндетті әлеуметтік төлемдерді толық қамтамасыз етуге және құрылысы басталған нысандарды уақытылы аяқтауға басымдық берілді.

Өңірде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысының экономикалық өсімі 114,8 пайызды құрап, республика көлемінде жоғары көрсеткішке қол жеткізілді. Негізгі макроэкономикалық индикаторлар бойынша оң динамика қалыптасты. Экономикаға тартылған инвестиция көлемі 1,4 трлн теңгеге жетіп, өсім 123 пайызды құрады. Өңірде жаңа өндіріс орындары, зауыттар мен кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс орындарының саны артты. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендеді.

Облыс әкімінің айтуынша, бұл көрсеткіштер – әкімдік пен мәслихаттың өзара үйлесімді, бірлескен жұмысының нәтижесі. Өңірдің тұрақты дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау жолында атқарушы және өкілетті органдардың бірлігі ерекше маңызға ие. Осы бағытта алдағы кезеңге жоспарланған жаңа бастамаларды бірлесе жүзеге асыру көзделіп отыр.

Сессия барысында еңбегімен ерекшеленген бірқатар депутаттар мен еңбек ардагерлері марапатталып, оларға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының Алғысхаттары табысталды. Бұл – өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.

Жалпы алғанда, өткен сессия Түркістан облысында экономикалық өсімді қамтамасыз ету, өндіріс орындарын көбейту және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған саясаттың нақты нәтижелер беріп отырғанын көрсетті. Қабылданған шешімдер өңірдің алдағы жылдардағы орнықты дамуына берік негіз қалайды.