САЙРАМДА АГРО-ӨНДІРІС САЛАСЫ: ИНВЕСТИЦИЯЛАР МЕН ЖАҢА ЖОБАЛАР АУДАН ЭКОНОМИКАСЫН ҚАЛАЙ КҮШЕЙТЕДІ

Сайрам ауданында агроөндіріс саласын дамыту және инвестициялық әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жақында БАҚ өкілдері мен сала мамандары үшін ұйымдастырылған тур аясында аудандағы бірнеше инновациялық өндірістік нысан жұмысымен танысу мүмкіндігі берілді.

Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі Таскешу ауылында орналасқан «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-ң жылыжай кешені ерекше назар аудартты. Компания қазіргі таңда 5,3 гектар аумаққа жылыжай салған және банан өсіруде. Қазақстанның климаттық жағдайына бейімделген банан сорты жылына шамамен 1000 тонна өнім береді. Жылыжайда 30 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған, ал барлық құрал-жабдық Түркиядан жеткізілген. Жақын арада жылыжай тағы 5 гектарға кеңейтіліп, өнім көлемі артпақ. Бұл кәсіпорын Қазақстандағы баламасы жоқ бірегей жоба болып табылады және Сайрам ауданын агроиндустриялық бағытта алдыңғы қатарға шығарады.

Сонымен қатар, Қарасу ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асқан «Аят-Агро» АШӨК жеміс өңдеу цехының жұмысы назар аударды. Жеке кәсіпкер Ибрахым Саражов 29,5 млн теңге несие алып, қажетті заманауи құрал-жабдықтарды сатып алған. Цехта 30 адам жұмыс істеп, түрлі жемістерден консерві өнімдері дайындалады. Жобаның іске асуы ауылдық аймақтарда қосымша жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Ақсукент ауылында орналасқан «Айкан» ЖШС-ң сүт өңдеу зауыты тәулігіне 100 тонна сүт өндіреді. Зауытта 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал заманауи түркиялық технология бойынша 13 түрлі ірімшік шығарылады. Сонымен қатар, өндіріс жоғары сапалы сүт, айран, қаймақ өнімдерін еліміздің түкпір-түкпіріне және экспортқа шығарады. Бұл ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, агроөндіріс саласындағы экспорттық әлеуетті күшейтеді.

Манкент ауылында «Nurym Group» ЖШС құрама жем зауыты мен мал бордақылау алаңын іске қосқан. Құны 2,3 млрд теңгені құрайтын зауыт жылына 46 мың тонна құрама жем өндіреді, онда 10 адам жұмыс істейді. Ал 5,1 млрд теңге инвестициямен салынған мал бордақылау алаңы жылына 10 мың тонна ет өндіреді және 40 адамды жұмыспен қамтиды. Өнімдер ішкі нарыққа және көрші мемлекеттерге, соның ішінде Өзбекстанға экспортталуда.

Аталған жобалардың жүзеге асырылуы аудан экономикасын нығайтып, жаңа инвестициялар тартуға, агроөнеркәсіптік кластерлерді дамытуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастамалар Сайрам ауданының агроөндіріс саласындағы инновациялық әлеуетін арттырып, өңірді Қазақстандағы инвестициялық тартымды аймақтардың біріне айналдырады.