Түркістан облысында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аймақта шағын өнеркәсіптік парктердің құрылысы қарқынды түрде жүзеге асырылып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындары ашылуда. Бұл жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, импорттық тауарларды алмастыруға және жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.
Облыс аумағында іске асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – Түркістан маңында 100 гектар аумақтағы «Шағын өнеркәсіптік парк». Жоба аясында 152 ғимарат салу және 6 040 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Жоба кезең-кезеңімен іске асырылып, І кезеңінде 40 ғимарат салынды, 32 жоба іске қосылды, нәтижесінде 1 220 жаңа жұмыс орны құрылды. Қарастырылған инвестиция тиімділігі жоғары: бюджеттің 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған.
Өндірістік паркте түрлі салалардағы зауыттар іске қосылды. Атап айтқанда, жиһаз, жаңбырлатып суғару жабдықтары, сусын өндіру, мұздатқыш және құрылыс материалдары өндірісі дамып келеді. Отандық өнімдерді дамыту арқылы 27 млрд теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткізілді. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиһаз, тұрмыстық химиялық бұйымдар секілді өндірістерді енгізу арқылы өнімдер экспортқа шығарылады. Бұл өндірістік алаңдардың әрбір аудан мен қалада, сондай-ақ халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде құрылуы жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға және аймақтық экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылып, 115 жобаны іске асыру жоспарланып, 1 124 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Ордабасы ауданында аумағы 10,5 гектар болатын «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салыну үстінде, инвестиция көлемі – 10,4 млрд теңге, 100 жұмыс орны құрылмақ.
Жалпы, облыс бойынша 21 шағын өндірістік алаң құрылып, олардың негізгі бағыттары құрылыс материалдары, жиһаз, пластик пен резеңке өнімдері, химия өндірістері және жеңіл өнеркәсіп болып анықталды. Бүгінгі таңда 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізіліп, келесі жылы толық аяқталып, іске қосу жоспарлануда.
Осы жобалар арқылы Түркістан облысында өндірістік әлеует арттырылып, жергілікті кәсіпкерлердің дамуына қолдау көрсетіліп, жұмыссыздық деңгейі төмендейді және өңір экономикасының тұрақты өсуіне жаңа серпін беріледі. Шағын өндірістік парктердің жүйелі дамуы аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономикалық дамудың ұзақ мерзімді стратегиясына үлес қосады.
