Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп, әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрғын үй қорын арттыруға бағытталған маңызды жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Қала аумағында арендалық және кредиттік тұрғын үйлер салынып жатыр. Атап айтқанда, әлеуметтік бағыттағы тұрғын үй кешендерінде 6 көп қабатты үйде барлығы 512 пәтер пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, кредиттік бағдарлама аясында 24 тұрғын үйде 1232 пәтер тұрғындарға ұсынылады.
Бұл жобалар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырылып, халықты баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шаралардың бірі болып отыр. «Жібек жолы» тұрғын үй кешені – жалпы аумағы 5,2 гектарды құрайтын, арендалық және кредиттік тұрғын үйлерден тұратын кешен. Сонымен қатар, Отырар мөлтек ауданында 5 қабатты 20 тұрғын үй бой көтеріп, қазіргі таңда құрылысы толық аяқталған 600 пәтердің конкурстық рәсімдері «Отбасы банк» арқылы жүргізілуде.
Тұрғын үйлердің сапасы мен құрылыс жұмыстарының уақытылы аяқталуы басты назарда ұсталып отыр. Мердігер ұйымдардың қызметі қатаң бақылауда, анықталған кемшіліктер уақытылы түзетіледі. Құрылыс барысында заманауи материалдар мен технологиялар қолданылып, тұрғын үйлер қауіпсіз, ыңғайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуде. Бұл шаралар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, пәтер тапшылығын азайтуға және қала инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған.
Тұрғын үй құрылысының қарқыны қаладағы әлеуметтік ахуалды жақсартуға және халықты тұрақты баспанамен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Жобалар аясында салынған тұрғын үйлерге инженерлік желілер тартылып, қажетті коммуналдық қызметтер мен әлеуметтік нысандарға қолжетімділік қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, қалада жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары экономикалық белсенділікті арттырып, құрылыс саласында жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы, Түркістан қаласындағы тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламалармен үйлестіріліп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл шаралар халықты баспанамен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және қаланың дамуын жеделдету бағытындағы кешенді саясаттың маңызды бөлігі болып саналады. Осылайша, жаңа тұрғын үй кешендері қаланың заманауи келбетін қалыптастырып, тұрғындардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартуға үлес қосып отыр.
