Бүгінгі таңда Шымкент қаласында қарттарға қамқорлық көрсету, олардың өмір сапасын жақсарту және белсенді ұзақ өмір сүруін қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бұл – Мемлекет басшысының «Әлеуметтік әділеттілік» және «Халыққа жақын мемлекет» қағидаттарын жүзеге асыру жолындағы маңызды бастамалардың бірі. Осы мақсатта Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Ізетті зейнеткер» мекемесі Бозарық шағынауданында 120 орындық заманауи сауықтыру кешенін іске асырып келеді. Мұнда зейнеткерлер 10 күндік ем-дом бағдарламасы бойынша 25 түрлі медициналық және сауықтыру қызметін тегін алады.
Сауықтыру орталығында қарияларға барлық жағдай қарастырылған:
– күніне төрт мезгіл ыстық тамақ;
– таңертеңгі емдік дене шынықтыру жаттығулары;
– түрлі тренажерлар мен физиотерапиялық құрылғылар;
– электромагнитті терапия, гидротерапия;
– дәрігер нұсқауымен берілетін ем-шаралар;
– шөптен әзірленген дәруменді шайлар.
Бұл қызмет түрлері қариялардың денсаулығын нығайтуға, өмірлік белсенділігін арттыруға және оларды әлеуметтік жағынан қолдауға бағытталған. Зейнеткерлерге жолдама geo-shym.kz электронды платформасы арқылы кезек тәртібімен беріледі. Қазір бұл тізімде 29 мыңға жуық тұрғын тұр. Қала әкімінің бастамасы және мәслихаттың қолдауы нәтижесінде биыл 5 500 зейнеткерге шипажайлық жолдама қарастырылды. 1 желтоқсандағы дерек бойынша оның 4 982-сі өз иелеріне табысталды. Ал «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешенінің өзінде биылдың өзінде 2 332 зейнеткер ем қабылдаған. Жалпы, жыл басынан бері қала бойынша барлығы 7 282 зейнеткер сауықтыру қызметімен қамтылды. Бұл – Шымкентте қарттар қауымына көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың кеңейіп, нақты нәтиже беріп отырғанын айғақтайды. Мұндай жобалардың жүзеге асуы – мемлекет алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірі: аға буынға құрмет көрсету, олардың денсаулығын сақтау, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету. Қалада атқарылып жатқан жұмыстар ел Президенті ұсынған әлеуметтік саясаттың практикалық жүзеге асуын көрсетеді. Шымкентте қарттарға қамқорлық жасау тек міндет емес, қала дамуының маңызды бағытына айналды. Еңбек ардагерлеріне жасалып жатқан бұл қолдау – қоғамдағы бірлік пен жауапкершіліктің, әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі тірегі.
