ТҮРКІСТАНДА «ҚАЗЫҒҰРТ» ЖӘНЕ «ТЕМІР БАБА» ЖАҢА ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ӨТКІЗУ ПУНКТЕРІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысында шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту аясында «Қазығұрт» және «Темір баба» автомобиль өткізу пункттері пайдалануға берілді. «Қазығұрт» пункті Өзбекстанмен, ал «Темір баба» Түркіменстанмен шекарада орналасқан. Аталған нысандардың ашылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде өтті.

«Қазығұрт» өткізу пунктінің ресми ашылуына ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Қаржы министрі жаңғырту бағдарламасы Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен арадағы барлығы 9 өткізу пунктін қамтитынын атап өтті. Бұған дейін «Қапланбек», «Атамекен», «Қалжат» және «Алакөл» сияқты пункттер жаңартылып, жыл соңына дейін «Тәжен», «Майқапшағай» және «Бақты» өткізу пункттерін жаңғырту жоспарланған.

Жаңартылған нысандарда жөндеу жұмыстары көлік қозғалысы мен жүк өткізу процесіне кедергі келтірмей жүргізілді. Арнайы уақытша қозғалыс схемасы ұйымдастырылып, кептелістің алдын алу және тасымалдауды үздіксіз жүргізу қамтамасыз етілді. Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін қысқарды, ал өткізу қабілеті тәулігіне 1 000 көлікке дейін артты. Қазір осы пункттер арқылы көлік ағыны 2,5 есе ұлғайып, 2022 жылы 640 мың автомобиль өтіп келген болса, бүгінгі көрсеткіш 1,5 миллионға жетті.

«Қазығұрт» пункті халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи кешен ретінде жабдықталған. Мұнда көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, озық сканерлеу жабдықтары, салмақ-габарит өлшеу жүйелері, рентген-телевизиялық қондырғылар, «тепловизорлар» және радиациялық бақылау құралдары іске қосылды. Қозғалыс ағыны жаяу жүргіншілер, жеңіл және жүк көліктеріне бөлініп, қауіпсіздік пен ыңғайлылық қамтамасыз етілген. Жүк көліктері үшін техникалық бақылаудан тоқтаусыз өтуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған дәліздер қарастырылған.

Сондай-ақ кеден рәсімдерін цифрландыру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Keden ақпараттық жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп, толық интеграцияланған цифрлық кеден жүйесіне көшу қарастырылған. Бұл жүйе экспресс-жүктермен жұмыс, тауарларды есепке алу және виртуалды қоймаларды басқаруды жеңілдетеді. Жасанды интеллект негізінде тауарлар мен қызметтерді декларациялау модулі іске қосылуда. Мақсат – электронды декларацияның толық циклін аяқтап, 2026 жылдан бастап тиімділікті бақылау және бағалау жүйесін іске қосу.

Сонымен қатар Өзбекстанмен шекарадағы «Жібек Жолы» өткізу пунктін ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа кешен 10 мың шаршы метрді алып, екі заманауи жолаушылар терминалы және автокөлікке арналған біртұтас шатырды қамтиды. Жұмыстар аяқталған соң 2026 жылы шілдеде өткізу қабілеті тәулігіне 70 мың адамға және 2 мың жеңіл автомобильге дейін жетеді деп жоспарланған.

Айта кету керек, Қытаймен бірлесіп қолға алынған «Бақты-Покиту» жобасы аясында толық автоматтандырылған логистикалық орталықтар құрылып, жүктерді тасымалдауға ұшқышсыз электр шаттлдары, «ақылды» логистика және AGV-терминалдар енгізілмек. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, өңірді аймақтың негізгі логистикалық торабына айналдыруға мүмкіндік береді.