Түркістан қаласында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, корпорация қызметкерлері мен сала ардагерлерін мерейтоймен құттықтады.
Облыс әкімінің сөзінше, 2005 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен енгізілген «бір терезе» қағидаты мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін түбегейлі өзгертіп, халық пен мемлекет арасындағы тиімді байланыстырушы институтқа айналған. «Түркістан облысы – еліміздегі ең халқы көп өңір. Сіздер осы үлкен өңірге сапалы қызмет көрсетіп, азаматтардың сенімін ақтап келесіздер. Бұл – сіздердің адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Мерейтойда барлық қызметкерлер мен сала ардагерлеріне алғысымды білдіремін», – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бахыт Басымбек сала үздіктерін марапаттап, 20 жылдық даму кезеңін қорытындылады. Сонымен қатар концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қызметкерлерге құрмет көрсетілді.
Түркістан облысында бүгінгі таңда халыққа қызмет көрсетуге арналған 59 арнайы ғимарат, 26 фронт-офис және 52 бэк-офис жұмыс істейді. Филиалдың құрамында 1195 қызметкер бар, оның ішінде 533 маман азаматтарға тікелей қызмет көрсетеді. 2025 жылдың 11 айында облыста жалпы 928 158 мемлекеттік қызмет ұсынылды. Оның ішінде электрондық түрде – 2 536, дәстүрлі форматта – 925 622 қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, «Connection Point» өз-өзіне қызмет көрсету секторы арқылы азаматтар 1 037 939 қызметті өз бетінше рәсімдеген.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру және нөмірлік белгілерді рәсімдеу бағытында айтарлықтай өсім байқалды. Түркістан қаласының №1 бөлімінде 73 146, №2 бөлімінде 56 828, ал мамандандырылған орталықта 59 696 қызмет көрсетілген.
Мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің тиімділігі Түркістан облысының экономикалық дамуына да оң әсерін тигізуде. Азаматтарға жылдам әрі сапалы қызмет көрсетілуі бизнестің инвестициялық тартымдылығын арттырады, кәсіпкерлер мен тұрғындардың мемлекеттік рәсімдерді уақытында әрі жеңіл жолмен шешуін қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инвестициялық жобалардың іске қосылуына жағдай жасайды.
Сондай-ақ, электрондық қызметтердің кең көлемде қолданылуы өңірдің цифрлық экономикаға интеграциясын күшейтіп, мемлекеттік басқару шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Мерейтой аясында көрсетілген статистикалық деректер Түркістан облысының әкімдігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өңір экономикасын әртараптандыруға қосқан нақты үлесінің айғағы болып отыр.
Түркістандағы мерейтойлық шара – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға және өңірдің экономикалық дамуына қосылған маңызды әлеуметтік және экономикалық бастама екенін көрсетті.
