Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға, жұмысшы мамандықтардың беделін көтеруге және инновациялық ойлауды қолдауға арналған екі ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. «Еңбек» фотокөрмесі мен Инновациялық Хакатон шаралары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасы аясында және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай өткізілді.
Фотокөрме еңбек адамын дәріптеуге арналды. Оған оқу орнының шаруашылық-техникалық саласында еңбек ететін қызметкерлердің күнделікті жұмысы көрсетілген 40-қа жуық фотосурет қойылды. Көрмеде қазандық пен су қоймасының операторлары, құбыр жөндеуші, еден жуушы, бағбан, сушы, агротехника жүргізушісі, аула сыпырушы, ағаш шебері, жатақхана кезекшісі сияқты мамандардың еңбегі бейнеленді. Әсіресе, университет ашылғаннан бері 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандарға ерекше назар аударылды.
Фотожобаны университеттің «Өнер, медиа және дизайн» факультетінің студенттері мен фотограф Нақып Шынтеміров, сондай-ақ Beine.Pro интернет журналының визуал контент продюсері Әйгерім Бегімбет дайындады. Көрме Ахмет Ясауи университетінің «Еңбек» медиажобасының бір бөлігі болып табылады. Алдағы уақытта beinepro.kz сайтында және әлеуметтік желілерде студенттердің репортаждары мен рилс видеолары жарияланады. Бұл жұмыстар студенттердің кәсіби шеберлігін арттыруға және еңбек адамдарын дәріптеуге қызмет етеді.
Сонымен қатар, университеттің Коммерцияландыру офисінің бастамасымен өткен Инновациялық Хакатон өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Хакатонға оқушылар, студенттер, жас мамандар және жаңашыл идея ұсынуға ынталы жастар қатысты. 20-ға жуық команда ауыл шаруашылығы, экология және цифрландыру салалары бойынша нақты әрі қолданбалы шешімдер ұсынды. Қатысушылар қысқа мерзім ішінде идеяларын пысықтап, оны инновациялық жобаларға айналдырып, өздерінің кәсіби біліктілігі мен командалық жұмыс дағдыларын көрсетті.
Жобалар идеяның өзектілігі, техникалық жүзеге асырылу деңгейі, жаңашылдығы, практикалық маңыздылығы және таныстырылым сапасы бойынша сарапшылар тарапынан бағаланды. Ең үздік жобалар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Университет ректоры Жанар Темірбекова шараға қатысушыларға алғысын білдіріп, еңбек адамдары мен инновациялық идеяларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті. «Бұл іс-шаралар біздің қоғамдағы еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға, жастардың шығармашылық потенциалын көрсетуге және өңірдің экономикалық әрі әлеуметтік дамуына үлес қосуға бағытталған», – деді ректор.
Ахмет Ясауи университетінде ұйымдастырылған «Еңбек» фотокөрмесі мен Инновациялық Хакатон бір мезгілде еңбек пен инновацияның үйлесімділігін көрсетіп, студенттер мен жас мамандардың шығармашылық белсенділігін арттыруға зор мүмкіндік берді. Бұл шаралар өңірдегі білім беру, кәсіби даму және инновациялық жобаларды қолдау бағытындағы маңызды қадам болып отыр.
