Түркістан облысында инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында Сарыағаш ауданында кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің кеңесшісі Ержігіт Шәріпбекұлы Сарыағаш ауданына арнайы іссапармен барып, Көктерек кентіндегі кәріз жүйесінің құрылыс жобасын тексеріп, жобаның орындалу барысын бағалады.
Жиынға аудан әкімдігі, ауылдық округтердің басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары және құрылыс мердігері – «Сарыағаш-Аман» ЖШС өкілдері қатысты. Кездесу барысында жобаның қазіргі жағдайы, құрылыс барысындағы негізгі қиындықтар мен алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар талқыланды.
Қазіргі таңда кәріз жүйесінің құрылыс алаңында жалпы ұзындығы 6 036 метр құбыр желісі тартылған. Жобада 1 дана сорғы станциясы, 3 дана сарқынды су қабылдайтын камера, сондай-ақ 4 резервуардың бетондау жұмысы толық аяқталған. Нысанның айналасы 455 метр қоршаумен қоршалып, қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында 2 дана өрт сөндіру резервуары орнатылды.
Жобаның іске асуы аудан тұрғындары үшін бірнеше маңызды артықшылықты қамтамасыз етеді. Біріншіден, жаңартылған кәріз жүйесі тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардағы сарқынды судың сапалы және қауіпсіз түрде ағып кетуін қамтамасыз етеді. Екіншіден, жүйенің толық жаңартылуы ауданның санитарлық-гигиеналық жағдайын жақсартып, экологиялық ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асуы жергілікті жұмыс орындарын ашуға және құрылыс саласында инвестициялық белсенділікті арттыруға септігін тигізеді.
Сарыағаш ауданындағы кәріз жүйесін жаңарту – бұл облыстың тұрғындардың өмір сапасын көтеру, қалалық және ауылдық жерлердің инфрақұрылымын модернизациялау, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытындағы ауқымды шаралардың нақты көрінісі. Жобаның толық іске асуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жергілікті халыққа сапалы, заманауи коммуналдық қызмет көрсетуге мүмкіндік туғызады.
Облыс әкімдігі мен мердігерлік ұйымдар құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, жобаны белгіленген мерзімде толық аяқтау үшін барлық шараларды жүзеге асыруда. Бұл бастама Түркістан облысының тұрақты дамуы мен инфрақұрылымдық әлеуетін арттырудағы маңызды қадам болып есептеледі.
