ТҮРКІСТАН: ҰСТАЗДАРДЫҢ БІЛІКТІЛІГІН КӨТЕРУ МАҚСАТЫНДАҒЫ «USTAZGA AI» ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Түркістан қаласында мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттыру және білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында **«Ustazga AI»: жасанды интеллект педагог көмекшісі ретінде» жобасын таныстыруға арналған арнайы кездесу өтті. Кездесу «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде ұйымдастырылып, оған «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Қаринова, «Daryn.online» компаниясының бас директоры Айбек Қуатбаев, «Daryn Ustaz» компаниясының мемлекетпен байланыс бөлімінің басшысы Ерлан Абдиманапов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, сондай-ақ облыстық білім басқармасы мен жергілікті білім ұйымдарының басшылары қатысты.

Жиында өңір ұстаздары жасанды интеллект технологияларын білім беру процесіне тиімді кіріктірудің маңыздылығымен танысып, жаңа мүмкіндіктерді меңгеру жолдарын қарастырды. Кездесу барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллект салаларына ерекше мән берілгенін атап өтті.

– Бүгін біз білім саласына жасанды интеллект енгізудің, педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттырудың жолдарын талқылау үшін жиналып отырмыз. Түркістан облысы Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, білім беру саласының цифрлық трансформациясын жеделдетуге, жасанды интеллект арқылы білім беру сапасын арттыруға бағытталған нақты шараларды қолға алды. Қазіргі уақытта облысымызда информатика, робототехника және STEM кабинеттерін жабдықтау жұмыстары белсенді жүргізілуде, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Кездесуді «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева ашып, жүргізді. Ол қазіргі технологиялық дәуірде педагогтардың біліктілігін арттырудың маңыздылығына ерекше тоқталып, білім беру саласын цифрлық жаңғырту арқылы оқушылардың білім деңгейін көтеруге болады екенін атап өтті. Партия хатшысы Шолпан Қаринова «Цифрлы қоғам» жобасының аясында педагогтарды қолдау бағытына ерекше мән берілетінін жеткізді.

Жиын барысында «Daryn.online» компаниясының бас директоры Айбек Қуатбаев пен «Daryn Ustaz» компаниясының бөлім басшысы Ерлан Абдиманапов платформа мен курстар арқылы жасанды интеллект құралдарын педагогикалық процесс барысында қалай тиімді пайдалануға болатынын нақты көрсетті. «Ustazga AI» жобасы мұғалімдерге онлайн курстар арқылы жасанды интеллектіні педагог көмекшісі ретінде қолдануды үйрету, жұмыс жүктемесін азайту, білім беру сапасын арттыру және цифрлық сауаттылықты жетілдіру бағытында бағытталған.

Жоба Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Ол мұғалімдерге тегін онлайн курстар ұсынуды, жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану жолдарын көрсетуді және педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыруды көздейді. Жоба үш негізгі кезеңнен тұрады, олардың әрқайсысы ұстаздардың білімін тереңдетуге және педагогикалық тәжірибені заманауи технологиялармен үйлестіруге бағытталған.