ТҮРКІСТАН: ҚЫТАЙ МЕН ӨҢІР АРАСЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕЙТІЛУДЕ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хань Чуньлиньмен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында екіжақты экономикалық, инвестициялық және өңіраралық серіктестікті нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімі елшінің өңірге сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге маңызды үлес қосатынын атап өтті. Сонымен қатар, мемлекет басшыларының 2025 жылғы қыркүйектегі кездесуі аясында жарияланған «Жаңа алтын 30 жылдық» бастамасы өңірлер арасындағы жаңа жобаларға кең мүмкіндіктер ашып отырғанын жеткізді.

– «Түркістан облысы мен Қытайдың бірқатар провинциялары арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары қарқын алды. Облыстық делегацияның Қытайға іссапарлары нәтижесінде Шаньси, Хэнань, Хубей және Хэйлунцзян провинцияларының әкімшіліктерімен бауырластық туралы меморандумдар бекітілді. Бұл құжаттар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға жаңа серпін берді», – деді Н.Көшеров.

Қазіргі таңда өңірде қытайлық инвесторлар қатысқан бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында:

  • Текстиль кластерін құру;
  • Желатин және май компоненттерін өндіру зауыты;
  • Көкөніс кептіру және қайта өңдеу кәсіпорны;
  • 300 МВт қуатты күн электр станциясы;
  • Бейнебақылау камераларын шығару;
  • Еден жабындары өндірісі және мата, джинс маталарын өндіру жобалары.

Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді.

Қытай елшісі Түркістан облысының даму қарқынын оң бағалап, әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, логистика, «жасыл экономика» және жоғары технологиялық салаларға инвестиция салуға мүмкіндіктің мол екенін атап өтті.

Облыс әкімі инвесторлар үшін Түркістан облысында қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті: жалпы аумағы 2 397 гектарды қамтитын индустриалды аймақтар және 4 414 гектар аумақта орналасқан «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Бұл алаңдарда дайын инфрақұрылым, салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады. Сонымен қатар, жаңа жобаларды жедел іске қосу үшін шағын өнеркәсіптік парктер салынып жатыр.

Кездесу қорытындысында тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қайта өңдеу, логистика және туризм бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін білдіріп, тиісті жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.

Бұл келіссөздер Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға, экономикалық дамуын жеделдетуге және өңірдің өнеркәсіптік-инфрақұрылымдық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге нақты үлес қосады.