Түркістан облысында шетелдік инвестиция тарту, өндірістік әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік кәсіпкер Сун Чунмин және «Turan Shenhua» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Рысбековпен кездесті. Кездесу барысында өңірде өндірістік кәсіпорындар ашу және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Келіссөздер барысында инвесторлар бұған дейін Кентау қаласындағы арнайы экономикалық аймақта газ қазандықтарын шығаратын зауытты сәтті іске қосқанын атап өтіп, Түркістан облысында тұрмыстық техника, атап айтқанда мұздатқыш шығаратын жаңа өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытты. Инвесторлар өздерінің нақты жобалық ұсыныстарын ұсынып, өңірдің өндірістік мүмкіндіктерін жоғары бағалады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвесторларға Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстырып, өңірдің қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысы Орталық Азия кеңістігінде бизнесті кеңейтуге қолайлы жаңа инвестициялық алаңға айналып келеді.
– Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың кең мүмкіндіктерін ұсынады. Өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер жұмыс істейді. Сонымен қатар терең өңдеу өндірісін дамыту үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған «Turan» арнайы экономикалық аймағы бар. Облыс әкімдігі шетелдік компаниялардың барлық бастамаларына қолдау көрсетуге дайын, – деді Нұралхан Көшеров.
Инвесторлар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдіріп, жаңа жобаны іске асыруға дайын екендерін жеткізді. Алдағы уақытта мұздатқыш өндірісін жолға қоюмен қатар, тұрмыстық техниканың басқа да түрлерін шығару жоспарланып отыр.
Ұсынылып отырған жоба аясында «Turan Shenhua» компаниясы мұздатқыш шығаратын зауыт салуға 5,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция салуды көздеп отыр. Өндіріс орнының құрылысын 2026 жылы бастау жоспарланған. Зауыт толық іске қосылған жағдайда шамамен 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы 250 мың дана өнімді құрайды. Зауытты Кентау қаласында орналастыру жоспарлануда.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өнеркәсіп және өндіріс салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдіріп, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында тығыз жұмыс істеуге уағдаласты.
