ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР АДАМ КАПИТАЛЫН ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗГІ ҚҰРАЛЫНА АЙНАЛУДА

Түркістан облысында балалардың құқықтарын қорғау, білім сапасын арттыру және кәмелетке толмағандар арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің әлеуметтік ғана емес, экономикалық дамуына да тікелей әсер етуде. Бұл мәселелер облыстың тұрақты дамуы мен адами капитал сапасын арттырудың маңызды құрамдас бөлігі саналады.

Осы бағытта облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен штаб отырысында өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, салалық басқармалар мен құқық қорғау органдарының ұсыныстары сараланды. Жиында білім беру саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу барысы ерекше назарға алынды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орыновтың айтуынша, барлық аудан мен қалада кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытындағы штабтар құрылған. Сонымен қатар білім беру жүйесін цифрландыру арқылы педагог-психологтардың жұмысын толықтай автоматтандыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Түлкібас, Қазығұрт аудандары мен Арыс қаласында іске қосылған «WeGlobal.AI» платформасы білім беру саласындағы басқарушылық шешімдердің жедел әрі нақты қабылдануына мүмкіндік беріп отыр.

Бұл цифрлық бастама өңірдің шалғай ауылдарындағы балаларға да сапалы психологиялық қолдау көрсетуге жол ашып, білім теңсіздігін азайтуға бағытталған. Нәтижесінде адами капитал сапасы артып, болашақта еңбек нарығына бейім, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға негіз қалануда.

Жиында «Түркістан облысы психологиялық қолдау орталығы» КММ басшысының міндетін атқарушы Мөлдір Баймұхамедова оқушылардың психоэмоционалдық жағдайын бақылау мен алдын алу шараларының нәтижелері туралы баяндады. Бұл жұмыстар әлеуметтік тәуекелдерді төмендетіп, өңірдің ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Отырыстың соңын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу, «WeGlobal.AI» платформасын барлық аудандарда іске қосу және құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл бастамалар Түркістан облысының инновациялық даму бағытын айқындай отырып, әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық өсімнің берік негізін қалыптастырады.