ШЫМКЕНТТЕ ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЦИФРЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ АРТУДА

Шымкент қаласында Startup Orda инкубациялық бағдарламасының Demo Day финалдық кезеңі өтті. Үш айға созылған білім беру, тәлімгерлік және өнімді әзірлеу процесінен кейін жас кәсіпкерлер өз стартап жобаларын кәсіби аудиторияға таныстырды. Финалда инвесторлар, сарапшылар және қала тұрғындары қатысқан инновациялық жобалар көпшілікке ұсынылды. Бұл жоба Цифрлы Қазақстан бастамасының өңірлік деңгейдегі маңызды жүзеге асуы ретінде бағаланады. Бағдарлама стартаперлерге өнімді әзірлеу, нарықты зерттеу, бизнес үлгіні қалыптастыру, техникалық және коммерциялық қолдауды бір жүйеде ұсынумен ерекшеленеді. Биылғы кезеңге 82 жоба қатысуға өтініш білдірсе, олардың 20-ға жуығы жүйелі түрде жұмыс істеп, финалға шықты. Әр стартапқа бекітілген 2 трекер, тәжірибелік сабақтар және 3–4 офлайн воркшоп жас кәсіпкерлерге нақты практикалық тәжірибе берді. Шымкент HUB аймақтық менеджері Құрманғазы Мұратов финал қатысушыларына берілген қолдаудың маңызды аспектілеріне тоқталып өтті. Оның айтуынша, тәжірибелі мамандардың қатысуы жас кәсіпкерлерге нарықтағы өзекті мәселелерді дұрыс түсінуге және өнімдерін нақты цифрлық платформаларға бейімдеуге мүмкіндік берді. Бұл – Әділетті Қазақстан принципі аясында стартап экожүйесін тең және ашық қолжетімді етуге қосылған нақты қадам. Бағдарламаға қатысқан Орталық Азия инновациялық университетінің өкілі Astana Hub ұйымдастырған бұл жобаның жас мамандар мен кәсіпқойлар үшін тиімді алаң екенін атап өтті. 2 ай көлемінде өткізілген сабақтар барысында стартап құрылысының негізгі принциптері кеңінен қарастырылды: нарықты зерттеу, өнімнің қажеттілігін анықтау, мақсатты аудиторияны белгілеу, баға саясатын қалыптастыру және инвестиция тарту жолдары. Smart Walk жобасы – осы бағдарламаның нақты үлгісі. Жоба ЦСА диагнозы бар балаларға арналған интерактивті электронды ходунок әзірлеп, цифрлық технологияны әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттап отыр. Қазақстандағы ресми мәлімет бойынша 19 мың бала ЦСА-мен ауырады, ал Орталық Азия елдерінде бұл сан 50 мыңға дейін жетуі мүмкін. Жоба елімізде цифрлық шешімдердің әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге қалай үлес қосатынын көрсетеді. Startup Orda финалы көрсеткендей, инновациялық білім беру мен цифрлық технологияларды қолдану арқылы жас кәсіпкерлердің жобалары тек экономикалық пайда емес, қоғамның әлеуметтік қажеттіліктерін шешуге де бағытталуы мүмкін. Бұл – Цифрлы Қазақстан және Әділетті Қазақстан бастамаларының нақты көрінісі: барлық азаматтарға тең мүмкіндік жасап, цифрлық шешімдерді баршаға тиімді ету. Алдағы кезеңде Шымкент қаласында осындай инкубациялық жобаларды дамыту жоспарланған, бұл жас кәсіпкерлердің кәсіби әлеуетін арттыруға, инновациялық экожүйені кеңейтуге және қаланың цифрлық дамуына тікелей үлес қосады.