Шымкент қаласында жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды кездесу өтті. Қалалық прокуратура, Полиция департаменті және Жастар ресурстық орталығының бірлесуімен ұйымдастырылған “Өзгерістер Елшілері: Заң мен тәртіп” жобасы аясында қаладағы тоғыз жоғарғы оқу орнының студенттік көшбасшыларымен еркін форматтағы жиын өткізілді. Бұл басқосу – жастардың құқықтық сауатын тереңдетуге, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тиімді алаң болды. Кездесуге Шымкент қаласы прокуратурасы аппарат басшысы Шынар Қаршығақызы Абжанова, Полиция департаменті жеке құраммен жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Бағлан Сайлаубайұлы Мырзабаев, Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Бауыржанұлы Жұман, қалалық прокуратураның аға прокуроры Дінислам Русланұлы Әлжан және орталық басшы орынбасары Аружан Русланқызы Әлжан қатысты. Спикерлер жастар арасында жиі кездесетін құқықтық мәселелерге тоқталып, құқықбұзушылықтардың негізгі себептері, олардың салдары және алдын алу жолдары туралы кең ауқымды ақпарат берді. Сондай-ақ интернет алаяқтық, есірткі қылмысы, жеке деректер қауіпсіздігі, жол қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп сияқты бағыттар талқыланды. Құқықтық сауатсыздықтың түрлі мәселелерге алып келуі мүмкін екені атап өтіліп, жастарға өз құқықтары мен міндеттерін білу қажеттілігі кеңінен түсіндірілді. Жиын еркін диалог форматында өтіп, студенттер көкейіндегі сұрақтарын ашық қойып, нақты жауап алды. Олар құқықтық мәдениетті күшейту мақсатында университеттерде тұрақты құқықтық семинарлар ұйымдастыру, жастарға арналған бейнероликтер дайындау, полиция және прокуратура өкілдерімен жүйелі кездесулер өткізу және құқықтық сауаттылықты насихаттайтын еріктілер тобын құру туралы ұсыныстарын жеткізді. Бұл ұсыныстар жастардың қоғамдағы тәртіп пен заңдылықты сақтау ісіне белсенді атсалысуға дайын екенін көрсетті. Кездесу барысында ұйымдастырушылар алдағы уақытта жоғарғы оқу орындары арасында өтетін бейнеролик түсіру сайысының басталғанын хабарлады. Байқаудың мақсаты – “Заң мен тәртіп” қағидатын жастардың өз тілімен жеткізіп, құқықтық мәдениетті кеңінен насихаттау. Осыған орай арнайы шығармашылық топтар құрылып, дайындық жұмыстары басталып кетті. Жалпы алғанда, бұл кездесу жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі әр азаматтың заңға деген құрметінен басталады. Сондықтан жастардың құқықтық сауаттылығын күшейту – қаланың ғана емес, елдің де болашағын айқындайтын басты міндеттердің бірі.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
