ШЫМКЕНТ: «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ОҚЫРМАНДАР САНЫ АРТУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаппай кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамасын жүзеге асыру аясында Шымкент қаласында «Кітап оқитын ұлт» жобасы жүйелі түрде іске асырылуда. Қазіргі таңда қалада бұл маңызды әлеуметтік бастамаға 66 000-нан астам адам тартылған. Олардың ішінде 26 099 оқушы, 18 233 студент, 6 114 педагог, 15 510 отбасы және 546 мемлекеттік қызметкер бар. Бұл көрсеткіш қоғамда кітапқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айқын дәлелдейді. Жоба аясында қалада оқырмандық орта қалыптасып, кітап оқу тек білім көзі ғана емес, мәдени және рухани қажеттілікке айнала бастағаны байқалады. Әсіресе оқушылар мен отбасы мүшелері арасында әдебиетке деген қызығушылық ерекше. Кітап оқу олардың дүниетанымын кеңейтіп, өмірге деген көзқарасын тереңдетуге, адамгершілік, адалдық, жауапкершілік сияқты құндылықтарды ұғынуға мүмкіндік береді. Мысалы, М.Мәметова атындағы №35 мектептің 9-сынып оқушысы Шаттық Дидар оқыған шығармалары арқылы өмірлік тәжірибе жинақтап, адамгершілік пен жауапкершіліктің мәнін терең түсіне бастағанын атап өтті. Қазіргі таңда ол М. Мағауиннің «Тазының өлімі» шығармасын оқуда. Бұған дейін Ш. Мұртазаның «Қара маржан» және Д. Исабековтің «Дермене» шығармалары үлкен тағылым берген. Ал «Dostyq High School» мектебінің 10-сынып оқушысы Балкерім Шаяхмет «Қаныш және ғылыми майдан» кітабы арқылы ғылымға қызығушылығы артып, табандылық пен елге қызмет етудің маңызын ұғынғанын жеткізді. Студент жастар да жоба аясында ұсынылған кітаптарды белсенді түрде оқуда. Ж. Тәшенов университетінің 2-курс студенті Салтанат Азаматқызы бұл бастаманың жеке дамуына, мақсат қою қабілетіне және уақытты тиімді пайдалануға оң әсер еткенін атап өтті. Классикалық әдебиет арқылы ұлт руханияты мен өмірлік құндылықтарды терең түсінуіне мүмкіндік алғанын жеткізді. Шымкент қаласы осы бағытта нақты қадам жасап, оқу мәдениетін жаңғыртуда үлгі боларлық тәжірибе қалыптастырып келеді. «Кітап оқитын ұлт» жобасы – білімді, саналы және ойлы қоғам қалыптастырудағы маңызды баспалдақ болып табылады. Бұл бастама «Білімді ұлт, көзі ашық ұлт» идеясының жүзеге асырылуына айқын үлес қосып, жас ұрпақты рухани және интеллектуалды даму жолына бағыттайды.