Шымкент қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында кәсіби шеберлікті насихаттау және техникалық мамандықтардың мәртебесін арттыруға ерекше мән берілуде. Осы бағыттағы үлгілі мысалдардың бірі – ұзақ жылдар бойы өз ісіне адалдық танытып, қала инфрақұрылымының сенімді жұмысын қамтамасыз етіп келе жатқан тәжірибелі маман Бекенов Ғалымжан Маханұлы. Ғалымжан Маханұлы 1974 жылы Шымкент қаласында дүниеге келіп, еңбекке ерте араласты. Техникалық салаға деген қызығушылығы оны кәсіби жолға жетеледі. 2002 жылы «Энергоцентр-3» акционерлік қоғамында 3-дәрежелі слесарь ретінде жұмысқа орналасып, жылу бекеттерінің жұмысын қамтамасыз етті. Кейінгі жылдары «Жылуэнергоорталық» ЖШС мен «3-Энергоорталық» АҚ құрамында слесарь әрі сорғы қондырғыларының машинисі болып еңбек етіп, тәжірибесін одан әрі жетілдірді. 2015 жылдан бастап Ғалымжан Маханұлы «Қуатжылуорталық-3» мекемесінде қызмет атқарып келеді. Алдымен №1 аудандық бөлімшесінде сорғы қондырғыларының 3-дәрежелі машинисі болып жұмыс істеген ол, кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігінің арқасында қазіргі таңда апаттық-диспетчерлік қызметтің жылу желілеріне қызмет көрсететін 5-дәрежелі слесарь ретінде абыройлы еңбек етуде. Ғалымжан Маханұлының әр жұмыс учаскесіндегі ұқыптылығы, техникалық сауаттылығы және жауапкершілікке беріктігі – жас мамандарға үлгі. Оның кәсіби адалдығы мен тәжірибесі қала тұрғындарына сапалы жылу қызметін ұсынуға, инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында мұндай шынайы еңбек үлгілері жастарды техникалық мамандықтарды таңдауға, өз ісіне адалдықпен қарауға және үздіксіз дамуға ынталандырады. Ғалымжан Маханұлының тәжірибесі – кәсіби мамандықтардың маңызды екенін, олардың қоғамдағы орны мен мәнін көрсететін нақты мысал. Еңбегі елдің игілігіне жарай берсін, ал тәжірибесі мен жауапкершілігі жас ұрпаққа бағыт бола берсін!
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
