Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында тұрақты тазалық іс-шаралары ұйымдастырылып келеді. Әл-Фараби ауданында дәстүрлі түрде өтетін сенбіліктер – осы бастаманың нақты көрінісі. Аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлері апта сайынғы сенбіліктерге белсенді түрде қатысып, тұрғын үй ауласын, көшелер мен жеке сектордағы жерлерді тазалауға үлес қосады. Әр сенбіде өткізілетін тазалық жұмыстарында қоқыс жинау, бұтақтар мен шөптерді орлау, ағаш отырғызу, абаттандыру және жалпы аумақты көркейту бағытындағы шаралар жүйелі түрде жүргізіледі. Әл-Фараби ауданы әкім аппаратының қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің басшысы Берік Жанайып сенбіліктің маңыздылығына тоқталып, оның тек бір күндік шара емес, жыл бойына жалғасатын үдеріс екенін атап өтті. Оның айтуынша, «қыс мезгілінде қар тазалау, көктем мен күзде абаттандыру, тал егу және қоқыс шығару шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. Сонымен қатар, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары да ұйымдастырылып келеді». Бұл бастамалар тек қаланың тазалығын сақтауымен ғана шектелмей, тұрғындардың өз қаласына деген сүйіспеншілігін арттыруға, экологиялық санасын қалыптастыруға бағытталған. Аталған акция тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен күш-жігері арқылы жүзеге асырылып, әрбір азаматтың жеке үлесі арқылы қаланың көркі мен өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Сондай-ақ, сенбіліктер барысында тұрғындар көпқабатты үйлердің аулаларын, жеке секторларды, көшелер бойын тазалап, қоршаған ортаны тәртіпке келтіреді. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында Әл-Фараби ауданы тұрғындары қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайды және экологиялық мәдениетті күнделікті өмірде ұстануға дағдыланады. «Таза Қазақстан» акциясы – Шымкент қаласының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, тұрғындардың табиғатқа деген көзқарасын қалыптастыруға және жастар арасында экологиялық сананы арттыруға бағытталған маңызды мемлекеттік бастама. Әл-Фараби ауданындағы тұрақты сенбіліктер дәл осы бағдарламаның ауқымды іске асуының жарқын көрінісі болып табылады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
