Түркістан қаласында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайлы өмір ортасын қалыптастыру мақсатында көше жарықтандыру жүйесін жетілдіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қаладағы инженерлік инфрақұрылымды заманауи талаптарға сай дамыту – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырумен қатар, экономикалық дамуды қолдаудың маңызды факторларының бірі болып саналады.
Қазіргі таңда қала аумағында 37 302 жарықтандыру нүктесі жұмыс істейді. Оның ішінде ішкі орам көшелеріне 450 дана заманауи шам орнатылған. Барлық шамдар энергияны үнемдейтін технологиялармен жабдықталған, бұл коммуналдық шығындарды азайтып, қаланың тұрақты дамуына үлес қосады. Сонымен қатар, қалада 30 көшеде жаңа электр шамдарын орнату және жарықтандыру желісін жаңарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
Жарықтандыру желісі автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Көшелердегі шамдар кешкі сағат 17:00-де қосылып, таңғы 07:00-де өшіріледі. Бұл шара тұрғындардың түнгі уақытта қауіпсіз қозғалуына, қоғамдық тәртіптің сақталуына және қала келбетінің жақсаруына айтарлықтай әсер етеді. Жарықтандыру жүйесінің заманауи технологиялармен жабдықталуы қаланың инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа кәсіпкерлік жобаларды тартуға мүмкіндік береді.
Алдағы кезеңде Түркістан қаласының инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту аясында жарықтандыру желілерін кезең-кезеңімен жаңарту, қосымша нүктелер орнату және тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру жұмыстары жалғасатын болады. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігімен қатар, қоғамдық қызмет көрсету сапасын арттырып, қалада жаңа өндіріс орындары мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы ортаны қалыптастырады.
Осылайша, көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беріп отыр. Заманауи жарықтандыру желілері тұрғындардың өмір сапасын көтеріп қана қоймай, қаланы инвестициялық тартымды, қауіпсіз және инфрақұрылымы дамыған өңірге айналдыруға бағытталған стратегиялық қадам болып табылады.
