ТҮРКІСТАНДА 570 ОРЫНДЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Жоба Түркиялық «YDA Group» компаниясының жеке бастамасы негізінде іске асырылып жатыр және өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуда, сондай-ақ экономикалық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады. Аурухана тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев ресми іс-сапармен келіп, облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Вице-премьер мердігер компанияның өкілдерімен кездесіп, жобаның барысы мен жоспарларын пысықтады. Қанат Бозымбаев жобаның стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, құрылыс сапасын қатаң бақылауды және барлық инженерлік инфрақұрылымды толық аяқтауды тапсырды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету және кадр мәселесін алдын ала шешу қажеттігін атап өтті. Жобаның мақсаты – аурухананы жоғары технологиялы емдеу қызметін ұсынатын аймақтық орталыққа айналдыру. Бұл бағытта мамандар даярлау, қызмет сапасын арттыру және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін күшейту бойынша нақты жоспар әзірленді.

Аурухана 15,6 гектар аумақта бой көтеріп, 7 қабатты ғимараттың жалпы ауданы 83 277 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 87 пайызы аяқталған, нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған. Жобаның іске асуы өңір тұрғындары үшін заманауи медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етумен қатар, Түркістан қаласының экономикалық дамуына серпін береді.

Заманауи аурухана құрылысы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды стратегиялық жоба болып табылады. Бұл жоба арқылы Түркістан облысы денсаулық сақтау саласында заманауи стандарттарға сай қызмет көрсетуімен қатар, жаңа жұмыс орындары мен экономикалық белсенділікті арттыратын тұрақты даму жолына бет бұрды.