«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Арыс қаласында қала тұрғындары мен ауыл шаруашылығын дамыту, сонымен қатар шекара маңындағы өнім сапасын жақсарту бағытында арнайы жеміс бағын құру жобасы іске асырылуда. Бұл бастамаға қала әкімі Қайсар Маңқараев нақты тапсырма берген болатын. Жоба аясында «Жасыл Арыс» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны 5 гектар жерге 2 000 түп алма көшетін отырғызды. Көшеттер өңірде кеңінен сұранысқа ие «Салтанат», «Бес жұлдыз» және «Золотой превосход» сияқты жоғары өнімділік пен сапалы дәмімен ерекшеленетін сорттардан таңдалған. Ағаштар биіктігі 5–6 метрге дейін жетіп, мол өнім беруге қабілетті.
Жұмыстар басталар алдында топырақ өңделіп, жер тегістеліп, стандартқа сай арнайы ұялар дайындалды. Көшеттердің түптеріне қажетті тыңайтқыштар енгізіліп, суғару үшін екі ірі су қоймасы мен су ұңғымасы әзірленді. Мұның бәрі алма ағаштарының тұрақты өсуін, өнімнің мол болуын және сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Жасыл Арыс» КММ директоры Бақтияр Асиловтың айтуынша, қала басшысы жеміс бағын ұлғайту жөнінде нақты тапсырма берген. Осыған орай, топырақ құрамын зерттеп, ең қолайлы үш сортты таңдау жұмысы жүргізілген. Алдағы уақытта тамшылатып суару жүйесін орнату жоспарланып отыр. Жобаның нәтижесінде жергілікті тұрғындар өз алма бағын қалыптастырып, сапалы өнімге қол жеткізеді.
Жаңа алма бағы Теміржолшы елді мекеніне баратын жол бойында 50 гектар арнайы қоршалған аймақта орналасқан. Аумағы толық қоршалып, инженерлік дайындық жұмыстары аяқталған. Болжам бойынша, 2027–2028 жылдары ағаштар алғашқы өнімнің нышанын бере бастайды.
Бұл бастама шекара маңындағы өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға, тұрғындарды сапалы жергілікті өніммен қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы секторын дамытуға бағытталған стратегиялық жобалардың бірі болып отыр. Алма бағының қалыптасуы жергілікті тұрғындар үшін тұрақты табыс көзі ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның шекара маңындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам болмақ.
Жобаның іске асуы арқылы Арыс қаласы мен оның айналасындағы аймақтарда өнімділік пен сапа артқан жеміс бағын дамыту тәжірибесі қалыптасып, еліміздің шекаралық аймақтарында ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына үлес қосады.
