ТҮРКІСТАН: ИНВЕСТИЦИЯЛАР ӘРІ ӨНДІРІС САЛАСЫНДА ӨСУДЕ

Түркістан облысына Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков жұмыс сапарымен келіп, өңірдің инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуетін бағалады. Сапар барысында вице-министр облыстық әкімдік өкілдерімен бірге индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардағы кәсіпорындардың жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен тілдесті.

Іссапар барысында Айдар Әбілдабеков ең алдымен «Turan» арнайы экономикалық аймағы мен индустриалды аймақта орналасқан бірқатар өндіріс орындарына барды. Солардың ішінде текстиль саласын дамытатын «Kazakhstan Lihua» ЖШС жобасы ерекше назарға алынды. Бұл жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту және озық агротехнологияларды енгізу тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған. Жобаның мақсаты – алқапта мақта өсіруден бастап дайын киім өндірісіне дейін толық өндіріс циклін қалыптастыру. Нәтижесінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жерді қамтитын Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешені құрылады. Бұл жоба 1 400 тұрақты және 300 уақытша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар вице-министр «ER-QAN GROUP» ЖШС-нің полиэтилен пакеттерін және пластикалық ыдыстарды шығару өндірісімен танысты. Сапар барысында Сауран ауданындағы өндірістік аймаққа барып, тоңазытқыштар шығаратын «UBC Group» ЖШС және пластмас өнімдерін өндіретін «Сауран Пласт» ЖШС қызметтерімен танысып, кәсіпорын жетекшілерімен пікір алмасты.

Түркістан қаласындағы «Turan Mall» көпсалалы кешенінде болып, ғимараттың жұмысымен танысқан вице-министр қаланың ірі сауда нысандарының дамуы мен инфрақұрылымдық жағдайына баға берді.

Сапар соңында Ордабасы ауданындағы Индустриалды аймаққа барылып, «Altyn bricks» ЖШС-ның құрылыс материалдарын өндіру жобасы мен «Central Asia Aluminum» ЖШС-ның алюминий өнімдерін шығару жобалары таныстырылды. Екі күндік сапар қорытындысында облыс орталығында «Ұлы дала елі» орталығында ірі импорттаушылар мен сауда саласындағы бизнес өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге 100-ден астам кәсіпкер қатысып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады, тікелей сұрақтар қойылып, шешімдер қарастырылды.

Жалпы, Айдар Әбілдабековтің Түркістан облысына сапары өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, өнеркәсіптік жобаларды қолдауға және бизнес пен билік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара болды.