ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ШАҚЫН ӨНЕРКӘСІПТІК ПАРКТАР ҚҰРЫЛУДА ЖӘНЕ ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС ДАМЫТЫЛУДА

Түркістан облысында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында ауқымды «Шағын өнеркәсіптік парк» жобалары іске асырылуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Оның айтуынша, Түркістан маңында 100 гектар аумақта құрылып жатқан өндірістік парк жобасы аясында 152 ғимарат салу жоспарланған, соның нәтижесінде 6 040 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды, 1 220 жаңа жұмыс орны құрылды. Осы арқылы бюджеттің әрбір 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған.

– Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару жүйелері, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар іске қосылды. Отандық өндірісті дамыту нәтижесінде 27 млрд. теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткіздік. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиһаз және тұрмыстық химиялық бұйымдарды өндіруді ұйымдастырып, ішкі нарықты қамтамасыз ету және экспортқа шығару мүмкіндігі туып отыр. Шағын өндірістік алаңдарды дамытуға жергілікті кәсіпкерлер белсенді қатысып, әрбір аудан мен қалада, халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде өндірістік алаңдар құрылып, кәсіпорындар мен зауыттар ашылады, – деді Нұралхан Көшеров.

Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылуда. Мұнда 30 млрд. теңгеге 115 жобаны іске асыру және 1 124 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ордабасы ауданында аумағы 10,5 гектар болатын «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салынып жатыр. Жобаның инвестициялық көлемі 10,4 млрд. теңге, 100 жаңа жұмыс орны құрылуы көзделген. Осы тәжірибенің мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, облыстың барлық аудандарында шағын өндірістік парктерді дамыту жұмыстары басталып кетті.

Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаң құрылуда. Негізгі өндіріс бағыттары ретінде құрылыс материалдары, жиһаз, пластик пен резеңке өнімдері, химиялық өнімдер мен жеңіл өнеркәсіп салалары айқындалды. Бүгінгі таңда 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде, келесі жылы олардың толық аяқталып, іске қосылуы жоспарланып отыр. Бұл жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, жұмыс орындарын құруға және импорттық өнімдерді алмастыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Осылайша Түркістан облысында шағын өнеркәсіптік парктердің құрылуы – өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестициялық климатты нығайту және өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы стратегиялық маңызды бастама болып отыр.