Шымкент қаласында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде тұрғындардың құқықтық мәдениетін көтеруге және заң көмегіне қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған ауқымды шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Соңғы айларда ұйымдастырылған жобалар – құқықтық ағартудың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Соның бір дәлелі – «Халық заңгері» республикалық акциясының Шымкентте жоғары деңгейде өтуі. Бұл бастама азаматтарға тегін құқықтық кеңес беруді көздеп, қала тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырды. Іс-шараға салалық ведомстволардың бірінші басшылары, тәжірибелі адвокаттар, заңгерлер және жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, 1000-нан астам шымкенттікке отбасылық, еңбек, жер, азаматтық және әкімшілік заңнама бойынша кәсіби көмек көрсетті. Акция барысында тұрғындарға құқықтарын қорғау тетіктері, мемлекеттік органдарға өтініш беру жолдары, тегін заң көмегін алу мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілді. Қала прокуроры Ғабит Мұқанов акцияның маңыздылығына тоқталып: «Күшті мемлекет – қорғалған азаматтан басталады» деген Платонның сөзін мысал ете отырып, құқықтық қолжетімділіктің қоғамның дамуындағы рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған жұмыстар да күшейтілді. Қала мектептерінде құрылған «Жас сақшы» жасақтарына арнайы оқыту сабақтары өткізіліп, оқушыларға құқық бұзушылықтың алдын алу, төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету тәртібі, қоғамдық орындардағы жауапкершілік және полиция қызметінің негізгі міндеттері кеңінен түсіндірілді. Сабақ барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Бауыржан Карбеков жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелерді көтеріп, зиянды әдеттердің зардабын нақты мысалдармен жеткізді. Жасөспірімдерді саналы өмір салтын ұстануға, жат қылықтардан аулақ болуға шақырып, құқықтық және психологиялық бағытта мазмұнды кеңес берілді. Шымкентте заң мәдениетін арттыруға бағытталған бұл шаралар – бір реттік акция емес, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және құқықтық сауаттылықты көтеруге бағытталған тұрақты саясаттың бір бөлігі. «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар жалғасып, тұрғындарға заң саласындағы кәсіби көмек қолжетімді бола бермек.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
